Әрбір баланың сүйіспеншілікке, қамқорлыққа және қауіпсіздікке толы ортада өсіп-жетілуге құқығы бар. Өкінішке қарай, барлық балалар өз туған отбасында тәрбиелене бермейді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мемлекет оларды отбасына орналастырудың түрлі нысандарын қарастырған. Бұл балалардың өз шаңырағын тауып, қолдау көріп, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Баланы отбасында тәрбиелеу басымдыққа ие, өйткені отбасылық орта оның дене, эмоциялық және әлеуметтік дамуына әсер етеді.
Бүгінде Қазақстан Республикасында балаларды отбасына орналастырудың бірнеше нысаны бар.
Бала асырап алу – отбасына орналастырудың ең толыққанды нысаны. Бұл жағдайда бала отбасының толыққанды мүшесіне айналып, туған балалармен бірдей құқықтар мен міндеттерге ие болады. Бала асырап алушылар мен бала арасында биологиялық ата-ана мен баланың арасындағыдай заңды құқықтық қатынастар қалыптасады.
Қорғаншылық және қамқоршылық әртүрлі себептермен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға белгіленеді. Қорғаншылық 14 жасқа дейінгі балаларға, ал қамқоршылық 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге тағайындалады. Қорғаншы немесе қамқоршы баланың заңды өкілі болып табылады, оның тәрбиесіне, білім алуына қамқорлық жасап, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды.
Патронаттық тәрбие – баланы қорғаншылық және қамқоршылық органы мен патронат тәрбиешісі арасында жасалған шарт негізінде отбасына тәрбиелеуге беру нысаны. Патронат тәрбиешілері балаға күтім жасап, тәрбиелеп, өмір сүруіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар отбасы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың сүйемелдеуімен қамтылады.
Қабылдаушы отбасы – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың бір нысаны. Бұл жағдайда бала оны тәрбиелеуге қабылдауға ниет білдірген азаматтар мен қорғаншылық және қамқоршылық органы арасында жасалған шарт негізінде отбасында тәрбиеленеді.
Қабылдаушы отбасына әр баланың мүддесі, жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, бірге тұру және тәрбиелену үшін 4-тен 10 балаға дейін берілуі мүмкін.
Балалар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Республикалық деректер банкінде тіркелген Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасына орналастырылады.
Сонымен қатар, заңнамада бала қонақтайтын отбасы нысаны да көзделген. Бұл нысан баланың демалыс және мереке күндері, сондай-ақ каникул кезеңінде уақытша отбасында болуына мүмкіндік береді. Қонақтайтын отбасы баланың отбасылық өмір тәжірибесін қалыптастыруға, қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға, сондай-ақ ересектердің назарын, қамқорлығы мен қолдауын сезінуіне жағдай жасайды.
Баланы қонақтайтын отбасына беру қорғаншылық және қамқоршылық органының, сондай-ақ бала тәрбиеленіп жатқан ұйым басшысының рұқсатымен жүзеге асырылады.
Қонақтайтын отбасы балалардың мүдделері сақталып, олардың уақытша болуына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген жағдайда бір мезгілде бірнеше баланы қабылдай алады. Қонақ отбасында тәрбиелеу кезінде баланы асырауға арналған ақшалай төлем және баланы қабылдаған адамдардың еңбегіне ақы төлеу көзделмейді.
Баланы орналастыру нысанын таңдау әрдайым оның мүддесін ескере отырып жүзеге асырылады. Басымдық балаларды туыстарының тәрбиесіне немесе олардың өмір сүруіне, тәрбиеленуіне және жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасай алатын азаматтардың отбасына беруге беріледі. Егер баланы отбасына уақытша орналастыру мүмкін болмаса, оған отбасы табылғанға дейін ол мамандандырылған ұйымда тәрбиеленеді.
Балаға отбасылық жылулық сыйлауды таңдаған әрбір ересек оның жарқын болашағына баға жетпес үлес қосады. Қамқорлық, мейірім мен сүйіспеншілік баланың тағдырын өзгертіп, оған ертеңгі күнге деген сенім сыйлап, бақытты әрі табысты азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Отбасы – бірге өмір сүретін орын ғана емес. Ол – баланың өзін қажет, сүйікті әрі қорғалған сезінетін кеңістігі. Сондықтан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың отбасылық нысандарын дамыту қоғам мен мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-bala/press/news/details/1269398?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау