Алакөл көлінің Ақши ауылындағы жағалауды патрульдеу кезінде Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне абыржыған әйел жүгініп, 6 жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлаған.
Хабарлама түскен бойда полицейлер дереу іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іздеуге туристік маусым кезеңінде Алакөл ауданына іссапармен жіберілген арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлерін қоса алғанда, 20-ға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар жағалау аумағын, демалыс орындарын және жақын маңдағы аумақтарды толық тексерсе, су айдынында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері қайықпен іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде бүлдіршін қысқа уақыт ішінде аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.
Жетісу облысының полициясы демалушыларға балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдырмауға шақырады. Кез келген төтенше жағдай орын алған жағдайда бірден 102 арнасына немесе жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1269363?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау