Ақтөбе өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы арналған Қазақстандағы алғашқы, жыл бойы жұмыс істейтін «Күншуақ» балалар сауықтыру лагері табысты жұмыс істеп келеді.
Лагерь 2018 жылы «Бақытты бала» жобасы аясында ашылып, осы уақыт аралығында балалардың демалып қана қоймай, сауықтыру, оңалту және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналды.
Алға ауданында орналасқан лагерьдің аумағы – 18 гектар. Мұнда түрлі гүлдер, сәндік бұталар мен жеміс ағаштары отырғызылған. Аумақтың көркеюіне лагерьдің бұрынғы тәрбиеленушісі ерекше қамқорлық жасап келеді. Бүгінде ол осы лагерьде еңбек етіп, балаларға жайлы әрі көркем орта қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Жеті жыл ішінде лагерьде 4,7 мыңнан астам бала демалып, сауықтырудан өтті. Жыл сайын ұзақтығы 12 күнді құрайтын алты ауысым ұйымдастырылады. Оған Ақтөбе облысының барлық ауданынан балалар қатысады. Қазіргі таңда лагерьде Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан келген 7–15 жас аралығындағы 41 бала демалуда.
Балалардың жайлы демалысы үшін лагерь аумағында тоғыз тұрғын корпус жұмыс істейді, оның төртеуі жыл бойы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар заманауи асхана, медициналық пункт, сенсорлық бөлме, емдік дене шынықтыру кабинеті, ойын бөлмелері, ипподром, бассейн және психологиялық демалыс бөлмесі бар.
Лагерьде тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайтуға көңіл бөлінеді. Мұнда қауіпсіз жабындысы бар әмбебап спорт алаңы, Workout жаттығу аймағы, көпфункционалды хоккей корты, ойын алаңдары және иппотерапия алаңы жабдықталған. Балалар иппотерапия сабақтарына қатысып, психолог, логопед және дефектолог мамандардың тұрақты қолдауына ие болады. Түзету-дамыту сабақтары аптасына үш рет өткізіледі.
Лагерьдегі әр күн қызықты әрі мазмұнды өтеді. Балалар үшін спорттық жарыстар, шығармашылық шеберлік сабақтары, зияткерлік ойындар, танымдық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Тәрбиеленушілер бес мезгіл теңгерімді тамақпен қамтамасыз етіліп, толыққанды демалып, күндізгі тынығу мүмкіндігіне ие.
Алдағы уақытта лагерь базасында жазғы мектеп ашу жоспарлануда. Әр ауысым кезінде корпустардың бірі білім беру және дамыту сабақтарын өткізуге пайдаланылады. Бұл балаларға демалысты білім алумен ұштастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға сеп.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1269588?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау