Астанада Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда ақынның туған күні қарсаңында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» әдеби-музыкалық кеші өтті. Іс-шараға педагогтер, ата-аналар, оқушылар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кештің мақсаты – ұлы ақынның тағылымға толы шығармалары мен ғибратты өмір жолын дәріптеу, Абай ілімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Жиында ақын, абайтанушы, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы Абай мұрасының рухани маңызы туралы тағылымды әңгіме өрбітіп, тың деректермен бөлісті.
«Негізі тамыз айын Абай айы деп айтсақ болады. Біздің мектептің оқушылары да, ұстаздары да Абай тақырыбына үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Бүгінгі жиын «Абай жолы» романындағы бұрын-соңды айтылмаған салт-дәстүрлер, ұрпақ тәрбиесіне Абайдың беретін өнегесі бай екенін, Абайдың қазақтың жүрегінен мәңгілікке орын алып, қазақтың бойтұмарына айналғанын дәлелдейтін кеш болды», – деді мектептегі «Абай» мұражайының жетекшісі А. Мұхаметқалиқызы.
Әдеби кеш барысында мектеп ұстаздары мен оқушылары Абайдың әндері мен өлеңдерін орындап, қара сөздерін жатқа оқыды. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, арнайы шақырылған қонақ Құмарбек Қалқатай Абай әндерінің тарихын баяндап, ән шырқады.
«Абай біз үшін үлкен рухани тірекке айналды. Оның өлеңдері мен ғақлиялары адамды адастырмайтын алтын темірқазыққа айналдырды.
Абай қазақ туралы, туған халқы жайлы көп жазды, оны танытты, әлемдік гуманистік ойлар деңгейіне көтерді. Ендігі кезекте әрбір қазақ баласы Абайды оқып, Абайды түсініп, Абайды ұлықтауы тиіс!» – деді Қ. Қалқатай.
Абай тойы қарсаңында елордада ақын атындағы жаңа мектеп ашылып, жас ұрпаққа есік ашқан болатын. Бұл оқу ордасында Бала Абай, ақын Абай, хәкім Абай деп оның өмірі мен шығармашылығы сатылай оқытылады. 2025 жылы мектеп оқушылары «Мың бала» жобасы бойынша бір мезетте хәкімнің ғибратқа толы өлеңін айтты. Бұл да Абай мектебінің жүзеге асқан бір жобасы деуге толық негіз бар. Сонымен қатар қалалық «Бала Абай» байқауы өткізіліп тұрады. Осы байқау жеңімпаздары ақын шығармаларынан үзінділер оқыды. Кеш соңында көрермендерге Абай туралы сұрақтар қойылып, ақын жайында көпшіліктің қаншалықты білімі бар екені тексерілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1270143?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау