БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласында білім беру ұйымдарын алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Басты назар – жылыту жүйелерінің техникалық жағдайын ретке келтіріп, оқу жылы басталғанға дейін барлық нысанда қауіпсіз әрі тұрақты жылумен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар білім беру нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан жөндеу және дайындық жұмыстарын тексерді.
Қала басшысы Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектеп пен Әл-Фараби атындағы №10 жалпы білім беретін мектепте болды.
№11 мектепте жылу қазандығы толық ауыстырылып, жылу трассасы мен түтін шығару мұржасы жаңартылуда. Ал №10 мектепте жылу құбырлары, радиаторлар және циркуляциялық сорғылар ауыстырылып, құбырларға жылу оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жылыту жүйесінің беріктігін тексеруге бағытталған гидравликалық сынақтар орындалуда.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтап, анықталған кемшіліктерді жоюды және жылыту жүйелерінің қыс мезгілінде тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Жылыту маусымына дайындық – тек техникалық жұмыстарды орындаумен шектелмейді. Әр білім беру ұйымында жылу жүйесі толық тексеріліп, қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық мәселе шешілуі қажет», – деді қала әкімі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты 38 мектеп, 21 мемлекеттік балабақша және 6 қосымша білім беру ұйымын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде 26 мектепте, 21 балабақшада және 6 қосымша білім беру ұйымында жылыту жүйелерін гидравликалық сығымдау, қысымдау және шаю жұмыстары атқарылды.
Жалпы, білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Анықталған ақаулар кезең-кезеңімен жойылып, барлық дайындық жұмыстары 2026 жылғы 15 тамызға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1270198?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version