Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күнінде 80-нен астам қатысушы бақ сынаған әуесқой косплей байқауы өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ересек қатысушылар сахнада 50-ден астам образды ұсынса, кейін өз костюмдерін 30-ға жуық жас косплейші таныстырды.
Қазылар алқасының құрамына өткен жылғы әуесқой косплей турнирінің жеңімпаздары енді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздіктерді анықтау оңай болмаған. Қатысушылар фильмдер, сериалдар, аниме және бейнеойындар кейіпкерлерінің ондаған мұқият әзірленген образын ұсынды.
Ересектер және балалар санатында бірінші орын алған қатысушыларға 100 мың теңге, екінші орын иегерлеріне 60 мың теңге, ал үшінші орын алғандарға 40 мың теңге табысталды.
Биыл ұйымдастырушылар алғаш рет «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы номинациясын енгізді. Оның серіктесі «Болашақ ойындары» жобасы болды. Бұл аталым бойынша ересектер мен балалар арасындағы жеңімпаздарға планшет сыйға тартылды.
Ересектер арасында үшінші орынды League of Legends ойынындағы Акали кейіпкерінің образы иеленді.
Екінші орын Эдуард қайшы-қол образына бұйырса, байқау жеңімпазы тазалық қызметкерлерінің образын сомдаған «Алматинские бабочки» командасы атанды.
Ересектер арасындағы «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы номинациясының алғашқы жеңімпазы Baldur’s Gate 3 ойынындағы Астарион образын ұсынған қатысушы болды.
Балалар санатында үшінші орынды Хосино Ай образы иеленсе, екінші орын Кли кейіпкерінің косплейіне бұйырды. Ал жеңімпаз «Жұлдызды соғыстар» ғаламындағы Джабба образын сомдаған қатысушы атанды.
Балалар арасындағы «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы жүлдесі Линк образын таныстырған қатысушыға берілді.
Әуесқой косплей байқауы Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күніндегі басты оқиғалардың біріне айналып, негізгі сахна маңына жүздеген көрерменді жинады.
Фестиваль 9 тамызға дейін жалғасады. Алда қонақтарды кәсіби косплей байқауы, халықаралық хедлайнерлермен кездесулер және басқа да іс-шаралар күтіп тұр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1270193?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау