Қазіргі таңда құқық бұзушылықтың алдын алу тәуекел факторларын дер кезінде анықтауға және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерсіз мүмкін емес.
Бас Прокурор Берік Асыловтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың цифрлық профилактикалық картасын қалыптастыруды көздейтін «Саналы ұрпақ» жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе тәуекел тобына жататын балаларды дер кезінде анықтап, құқық бұзушылық жасалғанға дейін қажетті алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Жүйе алғаш рет Астана қаласының үш колледжінде сынақтан өткізілді. Талдау нәтижесінде жасөспірімдер қылмыстылығының негізгі себептері анықталды. Олардың қатарында білім алу мақсатындағы көші-қон, кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке уақытылы қоймау және ата-аналар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі бар. Үш оқу орнында ғана тіркеусіз тұрып, іс жүзінде мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалған 45 студент анықталды.
Сонымен қатар, елордадағы түнгі ойын-сауық орындарының бірінде жүргізілген профилактикалық рейд барысында 171 кәмелетке толмаған жас анықталды. Олардың ішінде 108-і мектеп оқушысы, 63-і колледж студенті. Барлығы полиция органдарына жеткізіліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды, ал мекеме қызметі тоқтатылды.
Профилактикалық жұмысты одан әрі жетілдіру мәселелері Бас прокуратурада Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбековтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды. Кеңеске Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрлігі комитеттерінің басшылары, облыс прокурорлары, өңір әкімдерінің орынбасарлары және уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында елімізде жасөспірімдер қылмысының деңгейі 5%-ға төмендегені (1 110-нан 1 061-ге дейін) атап өтілді. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам профилактикалық рейд жүргізіліп, шамамен 2 мың кәмелетке толмаған профилактикалық есепке алынды, олардың әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа ықпал ететін факторлар әлі де сақталуда. Олардың қатарында интернетті бақылаусыз пайдалану, ата-аналардың жеткіліксіз бақылауы, білім алу мақсатындағы көші-қон, сондай-ақ тәуекел тобына жататын жасөспірімдерді уақытылы анықтамау бар.
Кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта буллинг, зорлық-зомбылық және психологиялық қолайсыздық балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне айналып отыр.
Кеңеске қатысушылар әрбір баланың өмірі, денсаулығы мен құқықтарын қорғау мемлекеттің сөзсіз басымдығы болып қала беретінін, ал профилактика саласында тұрақты нәтижеге отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Бас прокуратураның Баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1269770?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау