ІІМ вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қарағанды облысында полицияның цифрландыру жобаларымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов келді. Сапар барысында вице-министр өңірдегі полиция қызметін цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмысымен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Алғашқы жұмыс сапары Осакаров ауданынан басталды. Мұнда Сәкен Сәрсенов аудандық полиция бөлімінің Жедел басқару орталығының қызметін көрді. Орталыққа аудандағы 1497 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Бүгінде олардың көмегімен елді мекендердегі қоғамдық тәртіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі және білім беру ұйымдарының аумағындағы жағдай тәулік бойы бақылауға алынып отыр. Одан кейін вице-министр Теміртау қаласына барып, республикада баламасы жоқ полицияның жылжымалы криминалистикалық зертханасының мүмкіндіктерімен танысты. Арнайы автокөлік оқиға орындарында дәлелдемелерді жедел жинауға және зерттеуге арналған заманауи криминалистикалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар көлікке еліміздің кез келген өңірінде үздіксіз байланыс пен интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беретін спутниктік байланыс жүйесі орнатылған. Сапар аясында Сәкен Сәрсенов Теміртау қаласы полиция басқармасының Жедел басқару орталығының жұмысын да көрді. Сондай-ақ оған Қарағанды облысы полиция департаментінде енгізіліп жатқан цифрлық жобалар таныстырылды.  Солардың бірі – «Цифрлық учаскелік полиция» жобасы. Жобаны Қарағанды қаласы полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Жалғас Тұрсынов таныстырды. Оның айтуынша, жаңа жүйе учаскелік полиция инспекторларын артық қағазбастылықтан арылтып, қызметтік міндеттердің барлығын арнайы планшет арқылы орындауға мүмкіндік береді. Планшетке полиция қызметіне қажетті барлық ақпараттық жүйелер мен деректер базасы біріктірілген, бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға жол ашады. Жұмыс сапарының қорытындысында ІІМ вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қарағанды облысы полиция департаментінде кеңейтілген жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында өңірдегі полиция қызметін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Вице-министр цифрлық технологияларды тиімді пайдалану полиция жұмысының сапасын арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1269835?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version