Ішкі істер министрінің орынбасары Қарағанды облысында полицияның цифрландыру жобаларымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен  барды. Сапар барысында ол өңірдегі полиция қызметін цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмысымен танысып, бірқатар нысанды аралады.

     Алғашқы жұмыс сапары Осакаров ауданынан басталды. Мұнда Сәкен Сәрсенов аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының қызметін көрді. Орталыққа аудандағы 1497 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Бүгінде олардың көмегімен елдімекендердегі қоғамдық тәртіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі және білім беру ұйымдарының аумағындағы жағдай тәулік бойы бақылауға алынып отыр.

     Одан кейін Сәкен Сәрсенов Теміртау қаласына барып, республикада баламасы жоқ полицияның жылжымалы криминалистикалық зертханасының мүмкіндіктерімен танысты. Арнайы автокөлік оқиға орындарында дәлелдемелерді жедел жинауға және зерттеуге арналған заманауи криминалистикалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар көлікке еліміздің кез келген өңірінде үздіксіз байланыс пен интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беретін спутниктік байланыс жүйесі орнатылған.

     Сапар аясында Сәкен Сәрсенов Теміртау қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығының жұмысын да көрді. Сондай-ақ оған Қарағанды облысы полиция департаментінде енгізіліп жатқан цифрлық жобалар таныстырылды.

     Солардың бірі – “Цифрлық учаскелік полиция” жобасы. Жобаны Қарағанды қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Жалғас Тұрсынов таныстырды. Оның айтуынша, жаңа жүйе учаскелік полиция инспекторларын артық қағазбастылықтан арылтып, қызметтік міндеттердің барлығын арнайы планшет арқылы орындауға мүмкіндік береді. Планшетке полиция қызметіне қажетті барлық ақпараттық жүйелер мен деректер базасы біріктірілген, бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға жол ашады.

     Жұмыс сапарының қорытындысында министрдің орынбасары Сәкен Сәрсенов Қарағанды облысы полиция департаментінде кеңейтілген жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында өңірдегі полиция қызметін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Сондай-ақ ол цифрлық технологияларды тиімді пайдалану полиция жұмысының сапасын арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1269777?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version