Көкшетауда жасөспірімдердің бейжай қарамауы құқық бұзушылықтың жолын кесті.
4 тамыз күні сағат 19:00 шамасында Көкшетау қаласының “102” арнасына қоғамдық орындардың бірінде белгісіз ер адамның агрессивті әрекет жасап, қоғамдық тәртіпті бұзып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жақын маңда қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция экипажы жедел жетті. Полицейлер құқық бұзушылық туралы хабарды бейжай қарамаған кәмелетке толмағандар бергенін анықтады. Олар тәртіп сақшыларына күдіктіні көрсетіп, ер адамның алкогольдік масаң күйде болып, айналасындағыларға агрессия танытып, тіпті жанындағы әйелге қол көтергенін жеткізді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстау кезінде ол заңды талаптарға бағынбай, балағат сөздер айтып, медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Осыған байланысты оған полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адамның жанындағы әйелдің де орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Ол қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін де ер адам құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпай, камерадағы мемлекеттік мүлікке зиян келтірген. Осыған байланысты оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін тағы бір әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар соттың шешімімен билік өкілін қорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кейін анықталғандай, сол күні ер адам мен әйел некелерін ресми түрде тіркеген. Неке қию рәсімінен кейін мерекені атап өту барысында алкогольдік ішімдік ішу жанжалға ұласып, оқиға полицияның араласуымен аяқталған.
Сондай-ақ полиция ұсталған азаматтың жуырда ғана бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққанын анықтады.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қырағылығы мен дер кезінде жасаған қоңырауы құқық бұзушылықтың жолын кесіп, одан да ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіптің бұзылғанын немесе құқыққа қайшы әрекеттерді байқаса, дереу полицияға хабарлауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1270053?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау