Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлер институты дамып келеді: 12 мың маман біліктілігін арттыру курсынан өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, балалы отбасыларға және қолдауды қажет ететін өзге де азаматтарға қолдау көрсетеді. Осы көмектің сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың кәсіби деңгейін жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Соның арқасында мамандар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, азаматтарға сапалы әрі уақытылы әлеуметтік қолдау ұсынады.

Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 1 251 маман үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.

Әлеуметтік қызметкерлердің 55,5 пайызы ауылдық жерде, ал 44,5 пайызы қалаларда еңбек етеді.

Олардың басым бөлігі – 9 532 маман арнайы әлеуметтік қызметтерді азаматтардың үйіне барып ұсынады. Бұдан бөлек, 1 020 маман стационарлық ұйымдарда, 998 маман жартылай стационарлық мекемелерде, ал 451 маман уақытша болу ұйымдарында қызмет атқарады.

Министрлік кадрлардың кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда 6 410 әлеуметтік қызметкер жоғары білім алған. 3 633 маманның техникалық және кәсіптік білімі, 1 833 маманның орта білімі бар. Сонымен қатар 125 маман магистр дәрежесіне ие.

Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін министрлік «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саладағы өзге де кәсіптер» және «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар» атты кәсіби стандарттарды бекітті. Бұл құжаттар мамандардың білімі мен кәсіби дағдыларына қойылатын қазіргі талаптарды айқындап, саланың дамуына негіз қалайды.

Мамандардың біліктілігін жетілдіруге де ерекше назар аударылуда. Enbek.skills білім беру платформасында бүгінге дейін 12 мың әлеуметтік қызметкер оқудан өтті. Бағдарламаға кейс-менеджмент, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл, қызмет алушыларды цифрлық сүйемелдеу және инклюзивті тәсілдерді қолдану бағыттары енгізілген.

Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби әлеуетін нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып, қолдауға мұқтаж азаматтардың қажетті көмекті дер кезінде алуына ықпал етеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-mangystau/press/news/details/1269684?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version