Павлодар облысында алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заңнаманы бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды. Заңсыз алкоголь айналымының жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлімдеді.
Тыйымдарға қарамастан, тәуекел тобында жасөспірімдер қалып отыр. Мәселен, Павлодар қаласындағы кафелердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімге екі бөтелке сыра сатылған. Заң бұзушылық дерегі тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданды. Жыл басынан бері полиция алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 312 фактісін анықтады. Полиция Қазақстан заңнамасына сәйкес 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольдік ішімдіктерді сатуға қатаң тыйым салынатынын еске салады.
– Бұл талаптарды сақтау – кәсіпкерлік қызметті жүргізудің міндетті шарты. Ол қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Аталған талапты бұзған кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл салынып қана қоймай, лицензиясынан айырылу қаупі де бар, – деп түйіндеді спикер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1269928?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау