Шығыс Қазақстан облысы – белсенді демалысты, экологиялық туризмді және тау туризмін ұнататын мыңдаған саяхатшыларды жыл сайын қабылдайтын еліміздің жетекші туристік өңірлерінің бірі. Катонқарағай, Риддер, Иванов және Үбі жоталары, сондай-ақ өңірдің өзге де көрікті бағыттары туристер арасында үлкен сұранысқа ие.
Шығыс Қазақстан облысының Туризм басқармасы таулы жерлерде саяхаттау кезіндегі қауіпсіздік ең алдымен туристердің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады.
Сапар алдында маршрутты алдын ала зерттеп, оның күрделілік деңгейін және өз мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалау қажет. Сонымен қатар жақындарыңызға немесе достарыңызға баратын бағытыңыз бен оралу уақытыңыз туралы алдын ала хабарлаған жөн.
Тауға шыққанда өзіңізбен бірге жеткілікті мөлшерде ауыз су, азық-түлік, жылы киім, алғашқы медициналық көмек қобдишасы және толық қуатталған ұялы телефон болуы қажет. Сондай-ақ сапар алдында ауа райы болжамымен міндетті түрде танысып, оның өзгеру ықтималдығын ескерген жөн.
Маршрут бойында тек арнайы белгіленген туристік соқпақтармен қозғалып, қауіпсіздік талаптарын сақтап, белгіленген бағыттан ауытқымау ұсынылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барған кезде ұлттық парк қызметкерлерінің ұсынымдары мен белгіленген қағидаларды сақтау қажет.
Табиғатты қорғауға ерекше көңіл бөліңіздер. Қоқыс қалдырмаңыздар, өсімдіктерге зиян келтірмеңіздер және отты тек арнайы белгіленген орындарда ғана жағыңыздар.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 бірыңғай жедел қызмет нөміріне дереу хабарласу қажет.
Қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау демалысты жайлы әрі қауіпсіз өткізуге, Шығыс Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1270009?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау