Талдықорған қаласында Жетісу облысы Полиция департаментінің Үйлестіру және профилактикалық жұмыс басқармасының қызметкерлері өңірге танымал блогер @optimist.hafiz Хафизбен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық рейд өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшелерде және қоғамдық орындарда болуына жол бермеу, сондай-ақ ата-аналардың балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында полиция қызметкерлері мен блогер жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақыттың демалып, күш жинауға арналғанын, ал негізсіз көшеде жүру түрлі құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға ерекше назар аударылды.
Полиция ата-аналарды жазғы демалыстың қалған күндерін балалардың пайдалы демалысын ұйымдастыруға арнауға шақырады. Спортпен шұғылдану, кітап оқу, жаңа дағдыларды меңгеру, отбасымен уақыт өткізу және жаңа оқу жылына дайындалу – баланың қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1270012?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау