Заңсыз қарыз беруден 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан: Қостанайда сот үкімі шықты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қостанайда заңсыз микрокаржылық қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкім шықты.

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті жергілікті тұрғынның заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтады.

Клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнамалар орналастырылған.

Азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланған ол жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.

Сонымен қатар, нотариат куәландырған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылғандықтан, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, шартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін 18 млн теңге көлеміндегі қарызды көздейтін тағы бір шарт жасалған. Алайда бұл шарт бойынша оған ешқандай қаражат берілмеген.

Кейін сот шешімімен жәбірленушіден 26 млн теңге өндірілген.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Қылмыстық жолмен алынған кіріс 1 млрд теңгеден асқан.

Сот үкімімен ол 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған төрт пәтерді, екі жер учаскесін, сондай-ақ Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктерін мемлекет кірісіне тәркіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/news/details/1269780?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version