Алакөл көлінің Ақши ауылындағы жағалауды патрульдеу кезінде Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне алаңдаған әйел жүгініп, 6 жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлаған.
Хабарлама түскен бойда полицейлер дереу іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іздеуге туристік маусым кезінде Алакөл ауданына іссапармен жіберілген арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы және полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары жағалау аумағын, демалыс орындарын және оған жақын жерлерді мұқият тексерді. Ал су айдынында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері қайықпен іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде бүлдіршін көп ұзамай аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.
Полиция демалушыларға су айдындарының маңында балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Баланың қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір қауіп туындаған жағдайда дереу 102 арнасына немесе жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1269459?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау