12 өңірде 1 850 төсек-орынды қамтитын оңалту орталықтарын салу бойынша ауқымды жоба іске асырылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін заманауи оңалту орталықтарының желісі кеңейіп келеді. Мұндай инфрақұрылымды дамыту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілуде.
Қазіргі уақытта еліміздің 12 өңірінде әрқайсысы 150 орынға есептелген оңалту орталықтарын салу бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. Жаңа нысандар оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, кезекті күту уақытын қысқартуға және қолдауға мұқтаж азаматтар үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда елімізде алты жаңа оңалту орталығы:
– 2023 жылы – Семей және Тараз қалаларында;
– 2024 жылы – Кентау және Орал қалаларында;
– 2026 жылы – Атырау және Астана қалаларында пайдалануға берілді.
Жаңа оңалту орталықтарын құру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. 2027 жылдың соңына дейін Шымкент, Талдықорған, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында төрт нысанның құрылысын аяқтау көзделген.
Қонаев қаласы мен Павлодар облысындағы екі нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда оларды іске асыруға қажетті қаржыландыру мәселесі шешілуде, оның ішінде демеушілік қаражат тарту мүмкіндігі де бар.
Жалпы 2028 жылға дейін 1 850 төсек-орынға есептелген 12 заманауи оңалту орталығын салу жоспарланған. Олардың іске қосылуы 1 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ өңірлердің кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді оңалту, әлеуметтік бейімдеу және өмір сапасын арттыру үшін қажетті жағдай жасайды.
Осылайша, оңалту орталықтарының желісін кеңейту әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының біріне айналып, еліміздің барлық өңірінде азаматтарға қажетті оңалту көмегінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-akmola/press/news/details/1270703?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version