Алаяқтар қандай айлаға жиі барады: елордалық прокуратура азаматтарға маңызды ескерту жасады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласының прокуратурасы алаяқтықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алаяқтық қылмыстарының алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шаһрирамадан Сұлтан жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, Нұра ауданының прокуратурасы полиция органдарымен және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың мүлкі мен заңды мүдделеріне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтықтың жаңа тәсілдерін анықтау және оның алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары, профилактикалық іс-шаралар және ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда азаматтар жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің қатарында міндеттемелерді орындамай қызмет көрсету немесе жұмыс орындау сылтауымен алдын ала төлем алып, міндеттемелерін орындамау, сатып алу-сату мәмілелері кезінде алдау, мүлікті жалға беру барысында қаражатты жымқыру фактілері бар.

Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық түрлері де кең таралуда. Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді (Instagram, WhatsApp, Telegram), жалған интернет-сайттарды, фишингтік хабарламаларды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақша қаражатын иемденеді.

«Қазіргі таңда алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Ең кең таралған алаяқтық схемаларының қатарында: жөндеу жұмыстарын орындау немесе қызмет көрсету сылтауымен алдын ала төлем алып, кейін өз міндеттемелерін орындамау; туристік сапарларды, әуе билеттерін немесе қонақүйді брондау қызметтерін ұсыну арқылы ақша қаражатын иемденіп, уәде етілген қызметті көрсетпеу; өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға, банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға мәжбүрлеу; әлеуметтік желілер арқылы техника, көлік және өзге де мүлікті жалға алу туралы келісім жасап, алынған мүлікті қайтармау немесе заңсыз иемдену; жоқ немесе басқа тұлғаларға тиесілі пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, кепілақы немесе алдын ала төлем алу; интернет арқылы жалған инвестициялық жобаларды, трейдинг платформаларын немесе ақылы оқыту курстарын ұсынып, азаматтардың қаражатын иемдену; фишингтік сілтемелер арқылы мессенджер аккаунттарына қол жеткізіп, кейін аккаунт иесінің атынан оның туыстары мен таныстарынан ақша сұрау», – дейді Шаһрирамадан Сұлтан.

Прокуратура азаматтарды кез келген күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарап, жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.

Қаржылық және тұрмыстық қызметтердің цифрландырылуы алаяқтық қылмыстарды қашықтан жасау мүмкіндігін арттырып отыр.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде.
Нұра ауданының прокуратурасы халықтың түрлі санаттарымен тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, оның ішінде М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ университетінің білім алушыларына, сондай-ақ жұмыс істейтін азаматтар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізген.
Сонымен қатар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық бейнероликтер дайындалып, ақпараттық материалдар таратқан.

Прокуратура азаматтарды интернет кеңістігінде және күнделікті өмірде сақ болуға шақырады.

«Бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын беруге болмайды.

Сондай-ақ, тым тиімді немесе оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сыни көзқараспен қарау қажет. Қазақстан Республикасының заңнамасында алаяқтық жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық жасағаны үшін, ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда, кінәлі тұлғаға мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айыру, сондай-ақ он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», – деп прокурор сөзін түйіндеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1270947?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version