Ақмола облысында «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарының өңірлік көшпелі семинары өтті
2026 жылғы 6 тамызда Көкшетау қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалында өңірлік көшпелі семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстары филиалдарының фронт- және бэк-офис қызметкерлері қатысты.
Семинар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 10 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткізілді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, фронт-офистер жұмысының бірыңғай стандарттарын жетілдіру, бэк-офистер қызметіндегі тиімді тәсілдерді қалыптастыру, сондай-ақ филиалдар мен орталық аппарат арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар фронт- және бэк-офис жұмысының ерекшеліктері, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен тиімді тәжірибелер қарастырылды.
Семинар жұмысына орталық аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру, заңнамадағы өзгерістер және жұмыс тәжірибесінде туындайтын өзекті мәселелер бойынша түсіндірмелер берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік ұсыныстар алды.
Өңірлік көшпелі семинарларды ұйымдастыру және ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеуді «Таным» корпоративтік оқу орталығы жүзеге асырды.
Айта кету керек, мұндай көшпелі семинарлар бекітілген кестеге сәйкес Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізілуде. Бұл бастама мемлекеттік корпорация филиалдары арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға, бірыңғай жұмыс стандарттарын қалыптастыруға және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын одан әрі арттыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-arshaly/press/news/details/1270391?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау