Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар экономиканың дамуына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.
2025 жылы аудан бойынша 51,0 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланса, жыл қорытындысымен бұл жоспар 110 пайызға орындалып, аудан экономикасына жалпы 56,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы 8 инвестициялық жоба толық іске қосылып, нәтижесінде 153 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылы ауданға 60,0 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауданға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылып, бекітілген жоспар артығымен орындалды.
Жалпы 2026–2028 жылдары Мақтаарал ауданында жалпы құны 110,5 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде 1207 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың бір бөлігі жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылса, қалған бөлігі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асуда.
Жергілікті кәсіпкерлер жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асырып, 236 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Мырза» ЖШС-нің 350 млн теңгелік ет өнімдерін терең өңдеу цехы бар. Қазіргі таңда жартылай дайын өнімдер бөлімі жұмыс істеп тұр, ал биылғы жылдың төртінші тоқсанында ет өңдеу бағыты толық іске қосылады. Сонымен қатар, «Халық» ЖШС-ы жалпы құны 2,0 млрд теңгені құрайтын тігін өндірісін іске асыруда. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда мамандарды даярлау және тапсырыстар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
«Хамро Ата» ЖШС 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, мақта майын өндіретін зауыттың құрылысы да жүргізілуде. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды орнату толық аяқталған, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Кәсіпорынды биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Ал «Тамила» шаруа қожалығы 500 млн теңге инвестиция есебінен мал бордақылау кешенін салуда. Жоба аясында жыл соңына дейін 2000 басқа арналған кешен пайдалануға беріледі. 2027 жылы оның қуаты 5000 басқа дейін ұлғайтылады.
Мақтаарал ауданында 2014 жылы құрылған 24 гектарлық индустриалды аймақ бүгінде толық игерілуге жақын. Қазіргі таңда онда небәрі 1 гектар бос жер қалған, қалған аумақ кәсіпкерлерге бөлінген. Биыл индустриалды аймақта жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, «Giga Group» ЖШС – 250 млн теңгелік мата (обтарка) өндірісі, «Н.Мамасариев» ЖШС-ның 500 млн теңгелік темір-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорыны, «Ырысты Береке» ЖШС-ның 450 млн теңгелік асфальт-бетон зауыты, «IBO COTTON» ЖШС-ның 800 млн теңгелік мақта талшығын өндіру жобасы, «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-ның 1 млрд теңгелік мақта майын өндіру зауыты және «Таза болашақ» ЖШС-ның 500 млн теңгелік пластикалық өнімдерді қайта өңдеу кәсіпорны іске асуда.
Аталған жобалардың басым бөлігінің құрылысы аяқталған және құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Мақтаарал ауданының арнайы экономикалық аймағында да бүгінде жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 845 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда «БНК групп» ЖШС кәсіпкерлерге өндірістік алаңдарды жалға беру мақсатында салынған 8 броунфилдтің құрылысын аяқтады. Сонымен қатар, «HanYa Holdings» ЖШС, «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС және «Каз Про Темир» ЖШС өндірістік нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған кәсіпорындарды 2026–2028 жылдары толық пайдалануға беру жоспарланған.
Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Мақтарал ауылдық округінен 2 гектар жер телімі бөлініп, әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды.
Бүгінгі таңда жалпы құны 540 млн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыратын 5 кәсіпкермен меморандум жасалған. Олар өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу арқылы өз кәсіптерін бастайды. Сонымен қатар, аталған өндірістік ғимараттарда жұмысын бастайтын екі кәсіпкерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1270758?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау