Қостанай облысының құрметті тұрғындары!
Біздің мекемеге жиі қойылатын сұрақтардың бірі: «Неліктен оңалтудың техникалық құралдары барлығына бірдей тағайындалмайды? Неліктен маған дәл сондай диагнозы бар басқа адамға берілген құрал тағайындалмады?»
Осы мәселеге түсініктеме берейік.
Оңалтудың техникалық құралдары (мүгедектер арбасы, протез, есту аппараты, арнайы ортопедиялық бұйымдар, таяқ, жүріп-тұруға арналған құралдар және басқа да құралдар) тек диагнозға қарап тағайындалмайды.
Оларды беру тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен мүгедектігі бар адамның абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды ауыстыру мерзімдерін айқындау қағидаларымен» реттеледі.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде мамандар аурудың адамның өздігінен жүріп-тұруына, өзіне-өзі қызмет көрсетуіне, бағдарлануына, қарым-қатынас жасауына, білім алуына және еңбек қызметін жүзеге асыруына қаншалықты әсер ететінін бағалайды.
Тіпті екі адамның диагнозы бірдей болған жағдайда да, олардың денсаулық жағдайы мен ағза функцияларының бұзылу дәрежесі айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Сонымен қатар, медициналық құжаттардағы мәліметтер де ескеріледі: бейінді мамандардың қорытындылары, тексеру нәтижелері және емдеуші дәрігердің ұсынымдары. Осы ақпараттың негізінде нақты адамға қандай оңалтудың техникалық құралдары шынымен қажет екендігі анықталады.
Сондай-ақ, пациентті медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу кезінде медициналық ұйым оның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін және оңалтудың техникалық құралдарына қажеттілігін дұрыс бағалауы маңызды.
Медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының іс-шараларын емхананың дәрігерлері ұсынған ұсынымдар негізінде, көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып әзірлейді.
Басты мақсат – әрбір адамды оның жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге немесе дамытуға және өмір сүру сапасын жақсартуға шын мәнінде көмектесетін оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-kostanay/press/news/details/1270237?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау