Ауыр жарақаттар, инфаркт, асқынған босану жағдайлары және жүздеген шақырым қашықтыққа шұғыл тасымалдауды қажет ететін пациенттер. Мұндай кезде уақыт – ең шешуші фактор. 2026 жылдың алғашқы жеті айының ішінде Қазақстанның медициналық авиациясы 1 308 ұшу орындап, 1 353 пациентті тасымалдады және 4 мыңнан астам қашықтан медициналық консультация өткізіп, елімізде және шетелде адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосты.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиациясы шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесінің негізгі буындарының бірі болып қала береді.
2026 жылдың жеті айында мамандар санитариялық авиацияның 1 308 ұшуын орындап, шұғыл мамандандырылған медициналық көмекке мұқтаж 1 353 пациентті тасымалдады.
Пациенттерді тасымалдаумен қатар медициналық авиация мамандары заманауи технологияларды да белсенді қолдануда. Есепті кезеңде 4 165 қашықтан медициналық консультация өткізіліп, соның нәтижесінде өңірлік ауруханалардың дәрігерлері ауыр жағдайдағы пациенттерді емдеу барысында бейінді мамандардың қолдауына ие болды.
Медициналық авиация әсіресе пациентті мамандандырылған медициналық орталыққа шұғыл жеткізу қажет болған, ал жерүсті көлігімен тасымалдау тым ұзақ уақыт алатын жағдайларда аса сұранысқа ие. Бұл шалғай елді мекендердің тұрғындарына, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге, ауыр жарақат алған, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан, босануы асқынған және өзге де ауыр жағдайдағы пациенттерге қатысты.
Жыл басынан бері шетелге 9 санитариялық авиациялық ұшу орындалды. Қазақстандық медицина мамандары Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстан аумақтарынан еліміздің азаматтарына медициналық көмек көрсетіп, оларды тасымалдауды ұйымдастырды.
Медициналық авиацияны одан әрі дамыту денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қашықтыққа қарамастан еліміздің барлық тұрғындары үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1270834?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау