Қазақстанда санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу қағидалары жаңартылды: 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер енгізілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтардың, мемлекеттің және бизнестің мүдделерін ескере отырып, реттеудің ашық әрі түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған санитариялық-қорғау аймақтарын (СҚА) белгілеудің жаңартылған тәртібі қолданысқа енгізілді.

СҚА – халықтың денсаулығына қолайсыз факторлардың әсерін азайту мақсатында өнеркәсіптік объектілер мен өзге де әсер ету көздерін тұрғын үй құрылысы аумағынан бөліп тұратын аумақ.

Бұған дейін заңнамаға қолданыстағы кәсіпорындар үшін ғылыми негізделген деректер болған жағдайда СҚА мөлшерін түзетуге, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау негізінде инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілген болатын. Енді тиісті өзгерістер заңнамалық деңгейде де бекітілді.

Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты «есептік (алдын ала) санитариялық-қорғау аймағы» және «белгіленген (түпкілікті) санитариялық-қорғау аймағы» ұғымдары алып тасталды. Оның орнына заңнамада санитариялық-қорғау аймағының бірыңғай ұғымы көзделген, сондай-ақ оны белгілеу жөніндегі мемлекеттік органдар мен мамандардың өкілеттіктері нақты ажыратылған.

Жаңа нормаларға сәйкес, жобалануы 2026 жылғы 1 шілдеден кейін жүзеге асырылатын объектілер үшін санитариялық-қорғау аймағы жобалау сатысында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшылармен айқындалады. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 2026 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген, алайда олар үшін бұрын СҚА белгіленбеген болса, осындай объектілер үшін СҚА белгілейді, сондай-ақ заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда бұрын белгіленген СҚА мөлшерлерін өзгертуге құқылы.

Бұдан басқа, белгіленген және өзгертілген СҚА туралы мәліметтер Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталына енгізілетін болады. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтар үшін ақпараттың қолжетімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді.

Қабылданған өзгерістер қала құрылысы және санитариялық реттеуді жетілдіруге, рәсімдердің ашықтығын арттыруға, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығының қажетті кепілдіктерін сақтай отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zhambyl/press/news/details/1270761?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version