Семей қаласының әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қала тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Кездесуге қала тұрғындары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен депутаттар қатысты.

2026 жылдың І жартыжылдығында өнеркәсіп саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 236,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51 млрд теңгеге артты. Өсім қарқыны – 127,5 пайыз, ал нақты көлем индексі – 113,9 пайыз.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 211,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 48,8 млрд теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрады. Бірінші жартыжылдықта жалпы құны 9,25 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылып, 209 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ қаладағы базарларды заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда.

Жыл басынан бері тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. 112 тұрғын үй сертификаты берілді. «Абай жастары» бағдарламасы аясында 30 жас отбасы баспаналы болды.

Қаладағы маңызды инфрақұрылымдық бағыттардың бірі – жылумен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 13 жылу көзінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын жылу желілері жаңартылуда.

Биыл жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, 21 сәуірден бастап тұрғындарға ыстық су берілді. Қазіргі таңда орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылған 697 көпқабатты тұрғын үйдің 510-ы тұрақты ыстық сумен қамтамасыз етілген.

Сумен жабдықтау жүйесін жақсарту мақсатында қаланың оң жағалауындағы су тапшылығын шешу бойынша жұмыстар атқарылды. 2026 жылы «Смычка» су алу құрылысында 7 жаңа ұңғыма қазылып, сорғы қондырғылары жаңартылды.

Қалада аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 50-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жаңартылып жатыр.

Сонымен қатар «Пристань», «Затон» және «Заря» коммуналдық жағажайлары толық абаттандырылып, құм төселді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шатырлар, шезлонгтар, спорт алаңдары, киім ауыстыратын кабиналар мен қоғамдық дәретханалар орнатылды.

Қала көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Абай, Жангелдин, Мичурин, Сеченов, Құнанбай және басқа да көшелерде ескі асфальт жабыны толық жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жол инфрақұрылымы кешенді түрде жаңғыртылуда.

Қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері тасымалдаушы мекемелер 61 жаңа автобус сатып алды. Оның ішінде 15-і – экологиялық таза электробус. Жыл соңына дейін қосымша 45 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1270921?lang=ru

Exit mobile version