ШЫМКЕНТТЕ МӘМС АЯСЫНДА 1500-ҒА ЖУЫҚ КҮРДЕЛІ КӨЗ ОПЕРАЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жыл басынан бері 1500-ға жуық тұрғынға күрделі офтальмологиялық операция жасалды. Жоғары технологиялық медициналық көмек катаракта, глаукома және көздің тор қабығының сылынуы секілді ауыр диагнозы бар науқастардың көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік берген.

МӘМС жүйесі есебінен көрсетілген көмектің игілігін көргендердің бірі – 60 жастағы Шымкент тұрғыны Мұхидин Қалдыбаев. Оның оң көзінің тор қабығы сылынып, көру қабілеті толықтай жоғалған. Көз жанарынан біржола айырылу қаупі төнген науқасқа Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Шымкент клиникасының офтальмохирургтері күрделі жоғары технологиялық ота жасап, көру қабілетін сақтап қалды. Ем нәтижесіне көңілі толған пациент дәрігерлерге шексіз алғысын білдіруде.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Шымкент клиникасы өңірдегі жоғары технологиялық офтальмологиялық көмек көрсететін жетекші емдеу мекемелерінің бірі. Мұнда жыл сайын шамамен 2500 -ға жуық күрделі операция жасалады. Клиника директоры Рүстем Ботабековтің айтуынша, көздің тор қабығының сылынуы – шұғыл медициналық араласуды қажет ететін ең қауіпті диагноздардың бірі.

«Бұл диагноз кезінде уақыт өте маңызды. Егер науқас дер кезінде дәрігерге жүгініп, операция уақытында жасалса, көру қабілетін сақтап қалу мүмкіндігі едәуір жоғары болады», – дейді ол.

Бүгінде Шымкент қаласында МӘМС аясында бес медициналық ұйым көз ауруларын емдеу бойынша қызмет көрсетеді.

«МӘМС жүйесінің арқасында күрделі офтальмологиялық көмектің қолжетімділігі артып, тұрғындар қажетті операцияларды өз қаламызда жасата алады. Жыл басынан бері Шымкентте 1500-ға жуық күрделі көз операциясының жасалуы – осы бағыттағы медициналық көмектің сұранысы мен тиімділігін көрсетеді», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1270600?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version