Жыл сайын 8 тамызда бүкіл әлемде Альпинизм күні аталып өтеді. Бұл тауды тек күш-қуат пен шабыттың мекені ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік, батылдық және төзімділіктің символы деп білетін жандардың мерекесі.
«ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ құтқарушылары үшін тау демалыс күнгі серуен емес, күнделікті қызмет орны. Биік таулы аймақтағы қызмет жоғары кәсіби дайындықты, мықты төзімділікті және мінсіз командалық үйлесімділікті талап етеді. Құтқарушылар тәуліктің кез келген уақытында және кез келген ауа райы жағдайында қиындыққа тап болған адамдарға көмек көрсетіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді.
Таудағы әрбір қызметтік шығу – тек физикалық мүмкіндіктердің ғана емес, ерік-жігер мен мінездің де сынға түсетін сәті. Тік беткейлер, сусымалы еңістер, мұздықтар, құбылмалы ауа райы мен сирек ауа жедел шешім қабылдауды және альпинистік техниканы жетік меңгеруді талап етеді.
ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары кәсіби шеберліктерін үнемі жетілдіріп, арнайы даярлықтан өтеді, оқу-жаттығуларға қатысады. Бұл кез келген күрделі міндетті орындауға әрдайым дайын болудың кепілі. Олардың бағындыратын ең басты шыңы – аман алып қалған әрбір адам өмірі.
Альпинизм күніне орай өмірін таумен байланыстырған барлық азаматтарға – кәсіби альпинистерге, нұсқаушыларға, тау гидтеріне және, әрине, күн сайын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құтқарушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1270983?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау