Астанада Қорғаныс министрінің орынбасары әскери колледждегі қабылдау науқанын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжге барып, қабылдау комиссиясының жұмысымен және оқуға үміткерлерді конкурстық іріктеу барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында ол колледждің даму жоспарымен танысып, оқу аудиторияларын, асхананы, спорт залын және казарманы аралап, оқу орнының материалдық-техникалық базасын бағалады.

– Әскери колледж – кәсіби сержанттар құрамын даярлау жүйесіндегі аса маңызды буын. Дәл осы жерде болашақ командирлердің әскери шеберлігі, көшбасшылық қасиеттері мен жауапкершілігінің негізі қаланады. Біздің міндетіміз – Қарулы күштер қатарына моральдық, зияткерлік және дене даярлығы жоғары, лайықты кандидаттардың қабылдануын қамтамасыз ететін әділ әрі ашық іріктеу жүргізу, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Қорғаныс министрінің орынбасары бейінді департамент пен әскери колледж басшылығымен өткен кеңесте қабылдау конкурсын белгіленген талаптарға қатаң сәйкес өткізудің маңыздылығына тоқталып, қабылдау науқанын ұйымдастыруды жетілдіру және әскери кадрларды даярлау сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Әскери колледжде байланыс, радиоэлектроника және коммуникациялар, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу, сондай-ақ инженерлік бөлімшелерді басқару мамандықтары бойынша сержанттар даярланатынын айта кетейік. Оқуға 9-сынып негізінде қабылдау жүргізіледі. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай.

– Биыл әскери колледжге 412 талапкер құжат тапсырды. Үміткерлер іріктеудің бірнеше кезеңінен өтеді. Барлық талапкерлерге бірдей талап қойылып, бағалау ашық әрі объективті түрде жүргізіледі, – деді қабылдау комиссиясының мүшесі, лейтенант Асылбек Амандықұлы.

Оқу барысында курсанттар толық мемлекеттік қамтамасыз етуге алынады. Олар тегін тамақпен, әскери киіммен, жатақханамен қамтамасыз етіліп, шәкіртақы алады.

– Әскери колледжге түсу – мен үшін болашақ мамандығыма бастар алғашқы қадам. Бүгін психологиялық тестілеуден өттім, алда медициналық тексеру мен дене даярлығы сынағы күтіп тұр. Өз күшіме сенемін және барлық іріктеу кезеңінен сәтті өтемін деп үміттенемін, – деді талапкер Нұржан Исабаев.

Оқуды аяқтаған түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріліп, «сержант» әскери атағы табысталады. Олар кейін Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдардың бөлімдеріне әскери қызметке жіберіледі. Сонымен қатар әскери колледж түлектері Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырмай-ақ, конкурстық негізде қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша жоғары әскери оқу орындарына түсе алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1270979?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version