Қостанай облысының Арқалық қаласында қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, теміржол саласының ардагерлері және өңір жастарының өкілдері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Жәнібек Тайжанов теміржол вокзалдарын ауқымды қайта жаңғырту бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, сондай-ақ азаматтар үшін заманауи, жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді жағдайлар жасауға бағытталған.
Реконструкция барысында вокзалдың үш қабатты ғимараты толық жаңартылды. Вокзал аумағы 680 шаршы метрге ұлғайтылып, бүгінде 2,5 мың шаршы метрден асады. Шатыр, қасбет және ішкі бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар жылыту, желдету, кәріз, су және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері жаңғыртылды.
Ғимараттың қасбеті заманауи талшықты цементті панельдермен қапталды. Ішкі әрлеу жұмыстарында отандық өндірістің ұзақ мерзімге төзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және күтімі жеңіл материалдары пайдаланылды. Заманауи аспалы төбелер орнатылып, еденге керамогранит төселді.
Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Вокзалда кең күту залдары жабдықталып, билет кассалары, ана мен бала бөлмелері, сондай-ақ санитарлық бөлмелер жаңартылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, қажетті инфрақұрылым қарастырылды. Вокзал маңы аумағы мен жолаушылар перроны абаттандырылды.
Жоба аясында заманауи бейнебақылау, өрт дабылы, қолжетімділікті бақылау және жолаушыларды ақпараттандыру жүйелері енгізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары жабдықталды. Ғимаратқа жаңа жиһаздар мен заманауи технологиялық жабдықтар орнатылды.
Арқалық вокзалын қайта жаңғырту Қостанай облысының теміржол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңарту бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Жалпы өңірде реконструкциялау бағдарламасына алты теміржол вокзалы енгізілген.
Бүгінде Арқалық, Аманқарағай, Құсмұрын және Железорудная станцияларындағы вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Қостанай және Тобыл вокзалдарында құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді тарту, іргелес аумақтар мен жолаушылар платформаларын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық іс-шаралар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1270981?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау