ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қостанай облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласындағы жаңа цифрлық шешімдерді таныстырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Халықпен кездесуде ол жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы цифрлық өнімдерді дамыту тәсілдерін таныстырып, өңірдегі еңбек нарығы, шын мұқтаж жандарды қолдау және кәсіпорындардағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Жаңа құралдардың қатарында Enbek.kz платформасындағы Цифрлық жұмыспен қамту қызметі бар. Сервис кәсіби бағытты таңдаудан, бос жұмыс орындарын іздеуден бастап, оқыту мен жұмысқа орналасуға дейінгі процесті бір жүйеге біріктіреді.

ЖИ-көмекші азаматтың білімі, еңбек өтілі мен тәжірибесі, дағдылары және басқа да сипаттамалары туралы мәліметтерді талдап, түйіндемені қалыптастыруға немесе жаңартуға көмектеседі. Сондай-ақ тұрғылықты жері мен еңбек мобильдігіне дайындық деңгейін ескере отырып, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.

Егер жұмысқа орналасу үшін қажетті құзыреттер жеткіліксіз болса, пайдаланушыға Skills Enbek платформасында тиісті оқудан немесе қайта даярлаудан өту ұсынылады.

Жаңа тәсілдің басты ерекшеліктерінің бірі – проактивті жұмыс форматына көшу. Яғни жүйе азамат жұмыспен қамту қызметіне өзі жүгінгенге дейін оған қажетті қолдауды ұсынуға бағытталған. Қазір Павлодар облысында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің пилоттық жобасы іске асырылуда. Қолда бар деректер негізінде азаматтарға бос жұмыс орындары мен кәсіптік оқыту бойынша ұсыныстар автоматты түрде қалыптастырылады. Пилоттық жоба нәтижесінде бұл тәсілді еліміздің барлық өңіріне енгізу көзделіп отыр.

Аталған тәсіл аясында әр азаматтың бірыңғай цифрлық бейіні мен кәсіби даму жолы қалыптастырылады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы адамның еңбек қызметі, білімі, кәсіби тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтер бір жүйеде жинақталады. Бұл азаматтың білімі мен тәжірибесіне сай жұмыс орындарын ұсынып, оның кәсіби дамуына қажетті мүмкіндіктерді дәлірек айқындауға жол ашады.

Сонымен қатар вице-министр жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік көмек көрсету шаралары бойынша Бірыңғай цифрлық платформасын таныстырды. Платформада әлеуметтік көмектің 13 түрін рәсімдеу процесі автоматтандырылған. Бұл шешім құжаттар санын қысқартып, өңірлік қолдау шараларын алуды жеделдетуге, оның ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, цифрлық сервистерді дамыту жекелеген қызметтерден азаматтың өмірлік жағдайын ескеретін және оған қажетті бағытты кезең-кезеңімен ұсынатын бірыңғай жүйеге көшуге мүмкіндік беруі тиіс. Яғни кәсіби дамудан және жұмыс іздеуден бастап әлеуметтік қолдау алуға дейінгі барлық қажетті шаралар бір жүйеге біріктіріледі.

Цифрландырумен қатар өңірдегі әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері де қаралды.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмекті 1 221 отбасы немесе 5 455 адам алады. Олардың ішінде еңбекке қабілетті 653 адам жұмыс істегенімен, отбасыларының табысы әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.

Вице-министр жұмыспен қамту жүйесінің міндеті азаматқа тек жұмыс тауып берумен шектелмейтінін атап өтті. Маңызды міндеттердің бірі – оның біліктілігін арттыруға, жалақысы жоғары жұмысқа ауысуына және отбасы табысын ұлғайтуына жағдай жасау.

Жыл басынан бері АӘК алушы еңбекке қабілетті 233 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 175 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс кәсіпорындарында 56 адам зардап шегіп, 11 жазатайым оқиға адам өлімімен аяқталған. Еңбек тәуекелдері картасының мониторингіне өңірдегі 4,3 мыңнан астам кәсіпорын енгізілген, оның 52-сінде тәуекел деңгейі жоғары.

Бахтияр Жазықбаев өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша жұмысты күшейтіп, жұмыс берушілердің, мемлекеттік органдардың, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өзара іс-қимылын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындарға ерекше назар аудару қажет.

Сондай-ақ жалақы бойынша берешек мәселесі қаралды. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыстағы үш кәсіпорынның 27 жұмыскерге жалпы сомасы 12,7 млн теңге көлемінде жалақы бойынша берешегі бар. Қазіргі уақытта олардың әрқайсысында берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жұмыс сапары барысында вице-министр Қостанай қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектепке, Отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығына, сондай-ақ Рудный қаласының Мансап орталығына барды.

Отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Бахтияр Жазықбаев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету жұмысымен танысты. Вице-министр отбасылық қолайсыздықты ерте анықтап, жағдай дағдарысқа ұласқанға дейін әлеуметтік сүйемелдеуді уақтылы ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

Рудный қаласының Мансап орталығында азаматтарды қабылдау, бос жұмыс орындарын іріктеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қажет ететін азаматтарды сүйемелдеу жұмыстары таныстырылды.

Вице-министрдің жеке қабылдауы барысында өңір тұрғындары жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қызметтер алу мәселелері бойынша жүгінді. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша вице-министр АӘК алушылардың еңбекке қабілетті бөлігінің табысын арттыру, азаматтарды тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және еңбек құқықтарын қорғау бойынша бірқатар міндеттерді айқындады.

Сонымен қатар жұмыспен қамту, кәсіби даму және әлеуметтік қолдау бағыттарын өзара байланыстыратын цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту маңызды бағыттардың бірі болады. Бұл жүйелердің тиімділігі ең алдымен азаматтың нақты өміріндегі нәтижелермен – жұмысқа орналасуымен, табысының өсуімен және қажетті көмекті уақтылы алуымен бағалануы тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1270985?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version