Алматылылық полицей «Қазақстан Барысы» турнирінде қала намысын қорғайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Кабдулдинов «Алматы Барысы – 2026» іріктеу турнирінің күміс жүлдегері атанған Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкері, полиция лейтенанты Жансерік Жұмабайды құттықтап, марапаттады.

Жоғары спорттық нәтиженің арқасында полиция қызметкері қазақ күресінен еліміздегі ең беделді республикалық турнир – «Қазақстан Барысына» жолдама алып, Алматы қаласының намысын қорғайтын болды.

Департамент басшысы спортшыға лайықты өнер көрсеткені үшін алғыс айтып, оның жетістігі табандылықтың, қайсарлықтың және ұлттық спорт дәстүріне адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Алматы полициясының қатарында қызметтік міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, спортта да жоғары нәтижелерге жетіп жүрген қызметкерлердің бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл жетістік – тынымсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және нағыз мінездің жемісі. Республикалық турнирде Алматының және полиция қауымдастығының абыройын асқақтатып, күш-жігеріңізді, төзімділігіңізді және жеңіске деген ерік-жігеріңізді көрсететініңізге сенімдімін. Белдесулеріңіз сәтті өтіп, жеңістеріңіз көп, спорттық белестеріңіз биік болсын!», – деді Айдын Кабдулдинов.

Алматы қаласы Полиция департаментінде дене шынықтыруды дамыту мен ұлттық спорт түрлерін қолдау ішкі істер органдары қызметкерлерін тәрбиелеудің маңызды бағыты екені атап өтілді. Ал полицейлердің спорттағы жетістіктері қызмет беделін арттырып, жас буынға үлгі болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1271046?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version