Нұркен Кобжановтың төрағалығымен Қарағанды облыстық мәслихатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, сондай-ақ кадрлар даярлаудың өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігі мәселелері бойынша кеңес өтті.
Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев қазіргі уақытта өңірде 51 колледж жұмыс істейтінін, оның ішінде 35-і мемлекеттік колледж екенін мәлімдеді. 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жұмыспен қамту қызметінің болжамы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының деректері мен инвестициялық жобаларды іске асыру негізінде облыс экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылған. Гранттарды бөлу белгіленген критерийлерді ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Өз кезегінде депутаттар К.Б. Оспанова, М.Башай, Е.Б. Жүнісов және З.Х.Шалабаева мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің ашықтығын, білім беру ұйымдарын іріктеудің объективтілігін және гранттар көлемінің еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тетігін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, өңір экономикасының кадрларға ағымдағы ғана емес, келешектегі қажеттілігін есепке алу, конкурстық комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және тиісті хаттамаларды ресімдеу, материалдық-техникалық базаға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс бөлмеу, сондай-ақ мамандарды даярлау мен жұмыс берушілер сұраныстары арасындағы теңгерімсіздікті болдырмау үшін кадрлық қажеттіліктің сапалы болжамын қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, колледждерде білім беру гранттарын қалыптастыру мен пайдаланудың мемлекеттік аудитін күшейту, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша колледж басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселесін қарастыру ұсынылды. Білім басқармасына салалық министрлікке ауылдық колледждер үшін жаңа мамандықтарды лицензиялау рәсімін жеңілдету және жұмыс берушілердің кадрлық қажеттіліктерін электрондық есепке алуды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу ұсынылды.
Тиісті ұсынымдар кеңестің хаттамасында көрсетіліп, жұмысты әрі қарай жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданды.
Депутаттық бақылау аясында облыстың барлық колледждеріне мониторингтік жұмыс сапарлары жоспарланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және оны іске асырудың тиімділігі мәселелері депутаттық корпустың тұрақты бақылауында болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karagandinskoy-oblasti/press/news/details/1271190?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау