№91678 әскери бөлімінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі» тақырыбында құқықтық түсіндіру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы Ахметова жүргізіп, іс-шараның мақсаты мен күн тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде ол қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың заң талаптарын сақтауы – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізгі кепілі екенін атап өтті.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» идеологемасының маңыздылығы, құқықтық сананы арттыру және азаматтардың құқықтық мәдениетін дамыту мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Ринат Бақытханұлы Заппаров «Интернет алаяқтықтың алдын алу және цифрлық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар, әлеуметтік желілердегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жастар арасында телефон ойындарына тәуелділіктің психологиялық және әлеуметтік салдарына тоқталып, цифрлық қауіпсіздік пен ақпараттық сауаттылықты арттырудың маңызын атап өтті.
Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Бахтияр Батырбекұлы Мағыртай жазғы кезеңдегі өрт және судағы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Баяндама барысында өрттің негізгі себептері, табиғат аясында және тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері, балалардың қараусыз суға түсуінің алдын алу, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кездегі алғашқы іс-қимылдар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы Ахметова заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, барлық қатысушыларды заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1271892?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау