АБАЙ – ДАНАЛЫҚТЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

10 тамыз күні Мәдениет үйінің фойесінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына арналған әдеби-сазды композиция өтті.
Іс-шара Абайдың мол рухани мұрасына деген құрметтің белгісі болды. Ұлы ойшылдың шығармалары мен тағылымды сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кеш барысында жүргізушілер Диана Абжанова мен Жәнібек Нағашбаев ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, оның адам бойында білімге деген құштарлықты, еңбекқорлықты, адалдықты және өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысты қалыптастырудағы ойлары туралы айтып өтті.
Бағдарламада Абай шығармаларына ерекше орын берілді. Ұлы ақынның бейнесін Мархабат Нокишов сомдады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Сенбе жұртқа» атты өлеңдері орындалып, сондай-ақ әдеби композициялар мен музыкалық шығармалар көрермен назарына ұсынылды.
Қонақтар ұлы Абайдың жырларын тыңдап қана қоймай, ақынның белгілі өлең жолдарын жалғастыру арқылы шағын викторинаға да қатысты. Бұл Абайдың даналық сөздерінің халқымыздың өмірімен қаншалықты терең үндесетінін тағы бір мәрте көрсетті.
Абай шығармашылығының негізгі өзегі — «Адам бол!» деген ұлы өсиеті ерекше мәнге ие болды. Оның адамгершілік қағидалары бізді білімге ұмтылуға, адал еңбек етуге, терең ойлауға, мейірімді, әділ әрі жауапты болуға үндейді.
Іс-шара соңында ұлы Абайға деген зор құрметтің белгісі ретінде Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл — қазақ халқының ұлы перзентінің рухани мұрасына деген тағзым. Оның асыл мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық жүрегінде мәңгі жасай бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1272084?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version