Цифрландыру және ЖИ жылы, Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру: Үкіметте Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтердің жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландырудың және мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылына ЖИ енгізудің түйінді бағыттарына назар аударылды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков, сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова және BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нұриденұлы баяндама жасады.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді жүйелі түрде цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасуда. Бұл жұмысқа биыл жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында ерекше мән беріліп отыр. Осы жылдың маусым айында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді, онда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізгі бағыттардың бірі болып айқындалды.

«Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Оның айтуыша, мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech бірыңғай платформасына көшірілмек, электрондық үкімет порталы eGov 3.0 деңгейіне дейін жаңғыртылмақ, ал оның шлюзінің өткізу қабілеті 2,5 есеге артады. eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы бүгінде 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді, бұл сервисті 150 мыңнан астам азамат пайдаланған. eGov Business жүйесін ай сайын 35 мыңға жуық кәсіпкер қолданады. Жалпы алғанда, сұранысқа ие қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға түсетін өтініштер санын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Премьер-министр осы жылдың соңына дейін eGov GPT арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырды.

Әлеуметтік-еңбек саласында зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындаудан бастап жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға дейінгі негізгі бағыттар цифрлық сервистермен қамтылған. Бірыңғай цифрлық платформада 49 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі, тағы 28-і проактивті форматта. Жасанды интеллект АӘК тағайындау кезінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды бағалау үшін де қолданылады, мәселен, осы уақытқа дейін ондай 99 мың жағдай қамтылды, ал мүгедектік белгілеу кезінде – 151 мың, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде көрсету кезінде – 12 мың.

Шілде айында Павлодар облысында онлайн жұмыс іздеуге, оқудан өтуге және қолдау шараларын алуға мүмкіндік беретін «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» іске қосылды. Осыған ұқсас тетікті Маңғыстау облысында қыркүйек айында іске қосу жоспарлануда. Еңбек министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлеріне аталған сервисті кеңінен тарату тапсырылды.

Әділет саласында атқарушылық жазбаны цифрландыру негізгі рәсімдерді eGov Mobile арқылы онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Бүгінде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалып, олардың шамамен 700 мыңына онлайн режимде қарсылық берілген. Жыл соңына дейін нотариаттық әрекеттерді цифрлық тіркеуді көздейтін e-Notary 2.0 жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бизнесті қолдау желісі бойынша қолданыстағы 150 шараның 63-і цифрлық форматқа ауыстырылды. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жыл соңына дейін бизнесті қолдау шараларына реинжиниринг жүргізіп, оларды eGov Business-ке шығару тапсырылды. Рұқсат беру саласында «электрондық лицензиялау» порталын жаңғырту және тиісті рәсімдерді неғұрлым заманауи цифрлық форматқа көшіру міндеті қойылды. Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жұмысты алты ай ішінде аяқтау тапсырылды.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында Blockchain көмегімен 254 мыңнан астам операция жүргізілді, бұл қызмет көрсету мерзімін 10-15 минутқа дейін қысқартуға және қызметтерді ХҚКО-ларға бармай-ақ алуға мүмкіндік берді. Aitu отандық цифрлық платформасының дамуы қаралды. Бүгінде ол 6,8 млн пайдаланушыны біріктіреді, ай сайынғы аудитория 1 млн адамнан асады. Платформада білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы сервистерге және басқа да қызметтерге қолжетімділік кеңейтілуде.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов цифрландыруды одан әрі дамыту бағытындағы бірқатар басым міндетті айқындады.

Бірінші. Мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелерді жаңа бірыңғай «QazTech» платформасына көшіру және интеграциялау үдерістерін жандандыру тапсырылды. Жасанды интеллект министрлігі осы жұмысты үйлестіруді күшейтеді. Сонда ғана азаматтарға цифрлық қызметтер көрсетудің бірыңғай әрі тұтас жүйесін қамтамасыз етуге болады.

Екінші. Осы жылдың соңына дейін барлық өңірлерде Халыққа қызмет көрсету орталықтарын өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған экспресс аймақтары, сараптамалық аймақтар және азаматтарды цифрлық сервистермен жұмыс істеуге оқыту аймақтары бар AI-офистерге трансформациялауды аяқтау қажет. Тиісті жұмысты әкімдіктер жасанды интеллект министрлігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп жүргізетін болады.

Үшінші.

«Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Төртінші. Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп екі ай мерзімде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін, оның ішінде бизнес объектілерін коммуналдық инфрақұрылымға қосу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру және оларды көрсетудің белгіленген мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, барлық өңірлерге коммуналдық қызметтермен азаматтардың шарттарын белсенді түрде жасасу тетігін масштабтасын.

Бесінші. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын келісуді аяқтап, бір апта ішінде Үкіметке тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды.

Осы тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1272413?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version