Санитариялық-қорғаныш аймағы (бұдан әрі – СҚА) – өндірістік және басқа да объектілердің қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тигізетін қолайсыз әсерін төмендетуге арналған арнайы аумақ.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес санитариялық-қорғаныш аймағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді.
Санитариялық-қорғаныш аймағының негізгі мақсаты:
– атмосфералық ауаға таралатын химиялық, биологиялық және физикалық әсерлерді гигиеналық нормативтерге дейін төмендету;
– халықтың денсаулығына әсер ететін қауіп-қатерді азайту;
– тұрғын аймақтарды өндірістік объектілердің зиянды әсерінен қорғау.
Санитариялық-қорғаныш аймағының мөлшері объектінің қауіптілік сыныбына, өндірістік қызметінің ерекшелігіне, шығарындылардың сипатына және жүргізілген есептеулер мен зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес айқындалады. Қажет болған жағдайда оның мөлшері ғылыми негіздемелерге сәйкес өзгертілуі мүмкін.
Санитариялық-қорғаныш аймағында тұрғын үй құрылысына және халықтың тұрақты тұруына санитариялық заңнамада көзделген шектеулер қолданылады. Бұл талаптар азаматтардың денсаулығын қорғауға және қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кәсіпкерлік субъектілерін санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын талаптарды сақтауға және объектілерді пайдалану кезінде санитариялық заңнама талаптарын қатаң орындауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1272374?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау