ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Төлеби ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловпен бірге Ленгер қаласын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың барысын зерделеді.
 
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі Ленгер қаласы және оған іргелес елді мекендердегі бірқатар су нысандарын аралап, ауыз су тапшылығын шешуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
 
Бүгінде Ленгер қаласы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен толық қамтылған. Қаладағы 37 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне шамамен 12,2 мың текше метр ауыз су жеткізілсе, жаз мезгілінде қажеттілік 18,9 мың текше метрге дейін артады. Осыған байланысты су тапшылығын жою үшін қосымша су көздерін іске қосу жұмыстары қолға алынған.
 
Осы мақсатта Достық елді мекенінің екінші көтерім аумағында екі жаңа ұңғыма қазылды. Ұңғымалар толық іске қосылған жағдайда Ленгер қаласына тәулігіне 5,5 мың текше метрге дейін қосымша ауыз су беруге мүмкіндік туады. Қазіргі таңда мұнда су мұнараларын, электр жабдықтарын, қоршау және бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
 
Жұмыс сапары кезінде Достық елді мекеніндегі №6, №2, №1 және №4-5 ұңғымалары, сондай-ақ Ленгер қаласындағы су жинақтаушы резервуарлар, «Қарабастау» және «Ақмешіт» бұлақтары, «Көктерек» су тазалау имараты қаралды.
 
Аталған жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда Ленгер қаласына тәулігіне шамамен 19,6 мың текше метр ауыз су жеткізуге мүмкіндік пайда болады. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының жазғы кезеңдегі қажеттілігін толық өтеуге жеткілікті.
 
Сонымен қатар апатты жағдайдағы 3 мың текше метрлік резервуарды қалпына келтіру, ескі су құбырларын тазалау, резервтік су желісін тарту және «Көктерек» су тазарту нысанының қуатын арттыру мәселелері пысықталуда.
 
Бұдан бөлек, «Қырықбұлақ» су көзін тиімді пайдалану үшін қосымша су тазарту қондырғысын орнату, «Қарабастау» бұлағын іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Ал ұзақ мерзімді жоспарда Алатау ауылдық округіндегі «Ақмешіт» шатқалынан Ленгер қаласына дейін шамамен 22 шақырымдық ауыз су магистралін тарту ұсынылып отыр.
 
Су нысандарын аралау қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілер және мердігер мекеме басшыларымен кездесу өтті.
 
Жиында Ленгер қаласын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету, су тапшылығын жою, қолданыстағы жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және қосымша су көздерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
 
Еркебұлан Әбілханұлы ауыз су мәселесін шешу – тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды міндет екенін атап өтіп, жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме басшыларына жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау, құрылыс сапасына мән беру, туындаған мәселелерді жедел шешу және тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
 
Басты мақсат – Ленгер қаласының тұрғындарын жыл бойы сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, жазғы кезеңдегі су тапшылығын жою және қаланың сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру.
 
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1272209?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version