Жамбыл облысында мал қыстағына дайындық жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында алдағы қысқы кезеңге мал шаруашылығын дайындау жұмыстары қорытынды кезеңге жақындады. Биыл өңірдегі шаруашылықтарда 4,1 миллион басқа жуық мал қыстатылады деп жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 315,4 мың басқа артық.

Қысқы мал азығының жеткілікті болуы – қыстаудың ойдағыдай өтуінің негізгі шарттарының бірі. Осыған байланысты облыстың барлық аудандарында қажетті жем-шөп көлемі алдын ала есептеліп, азықтық баланс нақтыланған.

2026-2027 жылдардағы қысқы кезеңге жалпы 2,2 миллион тонна шөп, 141,2 мың тонна пішендеме, 117 мың тонна сүрлем, 484 мың тонна сабан және 364 мың тонна құрама жем дайындау көзделген.

Қыс мезгілінде облыс бойынша 474,3 мың бас ірі қара, 3,4 миллион бас қой-ешкі, 218,1 мың бас жылқы және 8,7 мың бас түйе қамтылады деп күтілуде.

Мал азығын дайындау үшін өңірде 305 мың гектар шабындық алқап белгіленген. Оның 172,1 мың гектары көпжылдық және біржылдық шөп егілген жерлер болса, 129,9 мың гектары табиғи шабындықтарға тиесілі.

Бүгінде жем-шөп дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, 2,1 миллион тонна шөп жиналып, белгіленген меженің 94,2 пайызы орындалды. Сабан дайындау көлемі 392,5 мың тоннаға немесе жоспардың 81,1 пайызына жетті. Сонымен қатар 124,2 мың тонна пішендеме әзірленіп, бұл жоспардың 88 пайызын құрады. Құрама жем бойынша 203,8 мың тонна дайындалып, меженің 56 пайызы қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда мал азығын жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін қажетті қорды толық қалыптастыру жоспарланған. Жалпы көлемі 3,3 миллион тоннаға жеткізілетін жем-шөп қоры алдағы қысқы маусымда мал басын қажетті азықпен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, өңірдегі шаруашылықтар үшін басты міндет – қалған кезеңде жем-шөп дайындау қарқынын сақтап, қысқы мал қыстауын толық дайындықпен қарсы алу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1272142?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version