Халықаралық жастар күні қарсаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңадан қызметке қабылданған жас мамандарының қатысуымен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада рухани-танымдық кездесу өтті.
Іс-шараға жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысып, жас мамандармен ел болашағы, мемлекеттік қызметтегі мәдениет, кәсіби тәртіп және тұлғалық қалыптасу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі маңызы түсіндірілді. Заң талаптарын құрметтеу, белгіленген нормаларды сақтау және өз ісіне жауапкершілікпен қарау мемлекеттік қызметшінің негізгі ұстанымдары екені атап өтілді.
Сонымен қатар «Адал азамат» идеясын жас буынның күнделікті өмірі мен қызметінде қалыптастырудың маңыздылығы сөз болды. Адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтардың азаматтық ұстаным мен тұлғалық қасиеттерді қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Жүздесу барысында жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы, қайырымдылық және еріктілік бастамаларына қатысуы жөнінде де пікірлер айтылды. Жас мамандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кездесуге қатысқан мамандармен еркін пікір алмасты.
Іс-шара соңында жас қызметкерлер кітапхана қорымен танысып, рухани-танымдық әдебиеттер туралы ақпарат алды.
Тағылымды кездесу жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, елге адал қызмет етуге деген ұстанымын нығайтуға бағытталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1272526?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау