«Мемсараптама» РМК мемлекеттік сараптамаға ұсынылатын жобалау құжаттамасының толықтығын тексеруге арналған жасанды интеллект технологияларына негізделген пилоттық модульді енгізді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға келіп түсетін барлық жобалар жаңа цифрлық шешімнің көмегімен міндетті түрде алдын ала тексеруден өтеді.
Жасанды интеллект модулін енгізу нәтижесінде жобалау құжаттамасының толықтығын тексеру мерзімі бес жұмыс күнінен екі жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұл өтініш берушілерге анықталған ескертулер туралы ақпаратты жедел алуға, ал ұсынылған материалдар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда сараптаманың келесі кезеңдеріне тезірек өтуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект модулі жобалау құжаттамасының құрамын, рұқсат беру құжаттарының өзектілігі мен қолданылу мерзімін, олардың нақты жобаға тиесілігін, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматтандырылған түрде тексереді.
Аталған шешім қолданыстағы құрылыс нормалары, нормативтік-техникалық құжаттардың талаптары және «Мемсараптама» РМК мамандарының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Модульдің негізінде компьютерлік көру, мәтінді оптикалық тану және құжаттардың құрылымы мен мазмұнын талдауды қамтамасыз ететін тілдік модельдер технологиялары қолданылады.
Пилоттық жасанды интеллект модулі ұлттық суперкомпьютердің есептеу жүйесінде жұмыс істейді және QPortal.kz платформасымен интеграцияланған. Егер жоба құжаттардың толықтығын тексеру кезеңінде кері қайтарылса, өтініш беруші «ЖИ нәтижелері» батырмасын басу арқылы жасанды интеллект анықтаған ескертулермен таныса алады.
Жасанды интеллект жобалау құжаттамасын алдын ала талдау құралы ретінде пайдаланылады. Жобаны мемлекеттік сараптамаға қабылдау немесе кері қайтару туралы түпкілікті шешім белгіленген рәсімдерге сәйкес «Мемсараптама» РМК мамандары тарапынан қабылданады.
Пилоттық жасанды интеллект модулін енгізу – мемлекеттік сараптамаға жобаларды қабылдаутүдерістерін цифрлық трансформациялаудың алғашқы кезеңі. Бұл шешімді іске асыру сараптамалық қызметтің тиімділігін арттыруға және құрылыс саласын одан әрі цифрландыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1272545?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау