Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың төрағалығымен құрметті отставкадағы судья Айсин Тілектес Сейпіұлымен кездесу өтті. Іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері мен Аппарат қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Тілектес Сейпіұлының сот төрелігі жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі атап өтілді. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Соты Төрағасының орынбасары қызметін атқарды, еліміздің бірқатар облыстық соттарына, сондай-ақ Астана қаласының сотына басшылық етті.
Осы кезеңде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі ретінде судья кадрларын даярлау мен іріктеу жұмысына белсенді қатысты. Құрметті отставкаға шыққаннан кейін де Жоғары Сот Кеңесінің құрамында қызметін жалғастырып, оның жұмысын жетілдіруге елеулі үлес қосты. Осылайша, қазіргі заманғы жоғары кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың бастауында тұрған тұлғалардың бірі болды.
Іс-шара аясында Кеңес Төрағасы Тілектес Айсинге «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыстады. Марапат оның сот жүйесіндегі көпжылдық мінсіз қызметі мен Жоғары Сот Кеңесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесін мойындау белгісі ретінде табысталды.
Дмитрий Малахов уақыт өткен сайын ұрпақ алмасып, заңнама жетілдіріліп, мемлекеттік институттар өзгергенімен, сот төрелігінің негізгі құндылықтары – адалдық, тәуелсіздік, кәсібилік және Заңға қызмет ету қағидаттары өзгеріссіз қалатынын, ал Тілектес Сейпіұлы осы құндылықтарды бүкіл ғұмырында берік ұстанып өткенін атап өтті.
Бүгінде Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын дамыту және нығайту бағытында судья кадрларын іріктеу тетіктерін тұрақты түрде жетілдіру бойынша маңызды миссияны жалғастырып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1272013?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау