ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті. Кеңестің күн тәртібінде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда Меркі ауданындағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтарын алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде.

2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына әлеуметтік нысандар үшін жалпы 2699 тонна қатты отын қоры қажет. Оның ішінде білім беру нысандарына – 2654 тонна, мәдениет саласына – 35 тонна, денсаулық сақтау нысандарына – 10 тонна көмір қарастырылған. Қатты отын қорын тамыз айында жеткізу жоспарланған. Білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарының жылыту маусымына дайындығы бақылауда.

Сонымен қатар, кеңесте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аудандағы орындалу барысы да талқыланды. Жыл басынан бері акция аясында 5800 жасыл желек отырғызылып, 450 шақырым көше жолы, 165 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылған. 7000 шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы ретке келтіріліп, 400 тонна күл-қоқыс шығарылған.

Кеңес барысында Меркі, Жамбыл және Сарымолдаев ауылдық округтерінің әкімдері елді мекендердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жүргізілуі туралы есеп берді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін, қазандықтарын қайта тексеріп, қажетті қатты отын қорын уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды науқандық сипатта қалдырмай, елді мекендердің санитарлық тазалығын тұрақты түрде қамтамасыз ету, көшелерді, арық-каналдарды, саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне тазалық және абаттандыру жұмыстарына бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен нәтижесіне жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1272535?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version