«Абай – ұлттың рухани темірқазығы»: ұлы ойшылдың мұрасы полицейлерге рухани бағдар болды. Қарағанды облысы Полиция департаментінде ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеуге арналған тағылымды әдеби-танымдық кеш өтті. «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты іс-шара Ұлы Абай күніне орай ұйымдастырылып, ақынның адамзаттық ой-тұжырымдарын, өнегелі өсиеттерін және рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етті. Кеш әр буын өкілдерін бір ортаға тоғыстырып, білім мен парасатты, адалдық пен ар-ожданды арқау еткен тағылымды басқосуға айналды. Бұл күні Департамент қабырғасында ұлы ақынның жүрекке жеткен жырлары қайта жаңғырып, оның терең ойлары мен ғибратты сөздері тағы бір мәрте мән-мағынасына үңіле оқылды. Іс-шараға жас полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагері Оңғарбай Қуанышбаев және құқық қорғау саласының болашақ өкілдері – «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қатысты. Кештің шырайын кіргізіп, мазмұнын тереңдете түскен ерекше бөлім – ішкі істер органдарының ардагері Оңғарбай Қуанышбаевтың Абай шығармашылығына арналған тағылымды әңгімесі болды. Ол ақынның бірқатар өлеңдері мен әндеріне тоқталып, әр шығарманың астарындағы терең ойды, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін мәнін кеңінен тарқатты. Ардагердің әр сөзі тыңдарманды Абай әлеміне жетелеп, ақынның «толық адам» ілімінен бастап, білімге ұмтылу, еңбек ету, адал болу, ар-ұятты биік қою секілді өмірлік ұстанымдардың мәнін ашты. Ұлы ойшылдың ғасырлар қойнауынан жеткен сөзі бүгінгі күнмен үндесіп, әр тыңдарманға өзін-өзі тануға, өмірлік құндылықтарға қайта үңілуге ой салды. “Абай – қазақтың ұлы ақыны ғана емес, ұлттың рухани болмысын биіктеткен ойшыл, ағартушы. Оның мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы. Абай адамды білімге ұмтылуға, өз қабілетін жетілдіруге, адал еңбек етуге, әділдік пен адамгершілікті ту етуге үндеді. Оның тағылымы адамның қоғамдағы орнына емес, білім-білігіне, ар-ұятына, мінез-құлқына және айналасына деген қарым-қатынасына мән беруді үйретеді,” – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Құралай Бекетаева. Оның айтуынша, Абай қалыптастырған осындай биік адамгершілік ұстанымдар құқық қорғау саласының қызметкерлері үшін айрықша маңызды. “Полиция қызметкерінің басты міндеті – заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл жолда адалдық, әділдік, жауапкершілік және кәсібилік басты орында тұрады. Сондықтан Абайдың тағылымы – қызметімізге рухани бағдар беретін құндылықтардың бірі. Ұлы ақынның өнегелі сөзі әрқайсымызды өз міндетімізге адал болуға, білімімізді жетілдіруге және елге қалтқысыз қызмет етуге үндейді,” – деді Құралай Бекетаева. Іс-шара барысында ұлы ақынның шығармашылығы арқылы ұрпақтар сабақтастығының маңызы да айқын көрінді. Кешке қатысқан жас сақшылар Абайдың асыл мұрасын тыңдап қана қоймай, оның адам тәрбиесі мен ел болашағына қатысты ойларының мәнін зерделеуге мүмкіндік алды. Абайдың сөзі – уақыт өткен сайын көмескіленбейтін, керісінше, әр дәуірде жаңа қырынан танылатын рухани мұра. Оның білімге, еңбекке, адалдыққа және адамдыққа үндеген өсиеттері бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Қарағанды облысы Полиция департаментінде мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қызметтік міндетке деген жауапкершілікті арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Ұлы Абайдың рухани мұрасы – ұлтты ұйыстыратын темірқазық. Ал оның адамдық пен адалдықты ту еткен тағылымы ел тыныштығын күзеткен әрбір тәртіп сақшысына қашанда бағыт-бағдар бола бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1273226?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау