Атырауда 12 тамыз – Халықаралық Каспий күніне орай «Таза Каспий: өңіраралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен эковолонтерлер қатысты.
Басқосуда Каспий теңізінің қазіргі экологиялық ахуалы, су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау, жағалау аумақтарын қалпына келтіру, сондай-ақ теңіз экожүйесіне антропогендік факторлардың әсері сөз болды.
Қатысушылар Каспий экожүйесін ғылыми зерттеу мен тұрақты мониторинг жүргізудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің Каспийге ықпалы, Еділ-Каспий бассейнінің су экожүйелері және Солтүстік Каспийдің экологиялық жағдайы бойынша сараптамалық пікірлер ортаға салынды.
Қазақстан мен Ресей ғалымдарының пікір алмасуы барысында Каспийге ортақ экологиялық мәселелерді бірлесіп зерттеу және оларды шешудің тиімді тетіктерін қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Іс-шара аясында су саласына үлес қосып жүрген 10 азамат Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Құрманғазы ауданынан лотос гүлінің дәнін Атырауға әкеліп, Тасқала маңында өсіруге атсалысқан оқушыларға да Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Алғыс хаты табысталды.
Бұдан бөлек, экологиялық бағыттағы екі шағын гранттың иегерлері марапатталып, табиғатты қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды қолдаудың маңызы атап өтілді. Белсенділік танытып жүрген 10 эковолонтерге қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік беретін кэшбэк сертификаттары берілді.
Жиын қорытындысында Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ғылыми ұсыныстарды алдағы бірлескен жұмыстарда ескеру жөнінде ортақ пікір қалыптасты.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1272713?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау