2026 ж. 12 тамызда Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығында Бас консул Уәлихан Сәрсембеков Хунань өлкесі Чжучжоу қаласының өкілдерімен кездесу өткізді. Қытай тарапы делегация құрамында Чжучжоу қаласының Шет мемлекеттермен достық жөніндегі халық қауымдастығы төрағасының орынбасары Чжоу Цзюцзю және Чжучжоу қаласы Халық үкіметінің Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің өкілі Лю Ханьсянь болды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Хунань өлкесі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ Чжучжоу қаласымен тікелей байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Өңіраралық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. У.Сәрсембеков Қазақстан өңірлері мен Хунань өлкесі арасында тұрақты тікелей байланыстар орнатуға, сондай-ақ Чжучжоу қаласымен тәжірбиелік ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді. Перспективалы бағыттар қатарында ресми және іскерлік делегациялардың өзара сапарлары, қалалар мен өңірлер арасында әріптестік қатынастар орнату, бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық іс-шаралар өткізу, сондай-ақ кәсіпорындар, білім беру және мәдениет мекемелері арасындағы байланыстарды дамыту атап өтілді. Қазақстан тарапы Хунань мен Чжучжоудың өнеркәсіптік мамандануы мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, Қазақстандағы әлеуетті серіктес өңірлерді айқындауға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сауда-экономикалық салада тараптар инвестициялар, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру, цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік кооперация бағыттарындағы өзара іс-қимылдың елеулі әлеуетін атап өтті.
Қазақстан тарапы Хунань өлкесі мен Чжучжоу қаласының кәсіпорындарын Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға, оның ішінде өндірісті жергіліктендіру, сервистік орталықтар құру және ұзақ мерзімді өнеркәсіптік кооперацияны дамыту форматында тартуға мүдделілік білдірді.
Чжоу Цзюцзю өз кезегінде Чжучжоу қаласының әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетімен таныстырды. Қала экономикасында «Бэйдоу» спутниктік навигация индустриясы ерекше орын алады. Қытай тарапының мәліметінше, Чжучжоудың осы секторында жиынтық табысы шамамен 20 млрд юань болатын 172 кәсіпорын жұмыс істейді. Қала бұл салада елеулі ғылыми-технологиялық әлеуетке ие және экономиканың түрлі салаларында спутниктік технологияларды практикалық қолдану ауқымын белсенді түрде кеңейтіп келеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға, өзара сапарларға жәрдемдесуге, мемлекеттік органдар, іскер топтар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан, Хунань өлкесі және Чжучжоу қаласы арасындағы нақты ынтымақтастық жобаларын бірлесіп пысықтауға дайын екендерін растады.
Анықтама: Чжучжоу Хунань өлкесінің шығыс бөлігінде орналасқан және Чанша–Чжучжоу–Сянтань экономикалық агломерациясының құрамына кіреді. Қаланың аумағы шамамен 11,2 мың шаршы км, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты халық саны – 3,82 млн адам. 2025 жылы Чжучжоудың жалпы өңірлік өнімі 60 млрд АҚШ долларына жетіп, 5,6%-ға өсті. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім шамамен 15,6 мың АҚШ долларын құрады.
Чжучжоу Хунань өлкесінің ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі және тарихи тұрғыдан ҚХР-дың негізгі индустриялық қалаларының қатарына жатады. Қалада Қытайда алғаш рет жасалған 340-тан астам өнеркәсіптік әзірлеме мен техника үлгілері шығарылды, олардың қатарында алғашқы электровоз және алғашқы авиациялық қозғалтқыш бар. Негізгі салаларға теміржол машина жасау, авиациялық қозғалтқыштар өндірісі, жаңа материалдар, заманауи машина жасау, цифрлық технологиялар және «Бэйдоу» спутниктік навигациясы жатады. Қалада ұлттық деңгейдегі алты өнеркәсіптік кластер қалыптасқан.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-guangzhou/press/news/details/1272901?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау