Есірткінің алдын алу және оның заңсыз айналымына қарсы күрес полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл ретте жастар мен жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлінеді. Оларға есірткінің нақты қаупі мен ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын дер кезінде түсіндіру маңызды.
Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Дастан Мырзақұлов айтып берді.
Сұхбат барысында ол жастар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға, есірткі қолданудың зардаптарына, сондай-ақ оны интернет арқылы заңсыз жарнамалау мен таратудың қауіптілігіне тоқталды.
Полиция қызметкері азаматтардың қырағылығы да маңызды екенін атап өтті. Күдік тудырған адамдар, қоғамдық орындарда қалдырылған белгісіз орамалар, сондай-ақ интернеттегі есірткі сату туралы жарияланымдар мен хабарландырулар назардан тыс қалмауы тиіс.
— Есірткі қылмысына қарсы күрес — полиция мен қоғамға ортақ міндет. Ата-аналар, педагогтер және жастардың өздері де қауіп-қатерді түсінуі қажет. Дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, — деді полиция майоры Дастан Мырзақұлов.
Құқықтық сауаттылықтың да маңызы зор. Жастар есірткіні қолданудың зардаптарын ғана емес, оны сақтау, тарату және басқа да заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік көзделгенін білуі тиіс.
Қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды. Есірткіге қоғамда орын жоқ. Ал қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігінен басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1273183?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау