Астанада Халықаралық жастар күніне арналған «JASTAR DAY» фестивалінде «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға құқықтық мәдениетті арттыру, есірткі қылмысының алдын алу және интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ауқымды іс-шара Астана қаласының Амфитеатрында өтіп, жастардың шығармашылық және мәдени демалысын ұйымдастырумен қатар, олардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығына қатысты өзекті мәселелерді қамтыды.
Іс-шараға Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің өкілдері де қатысып, жастарға есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын сақтау, заң талаптарын орындау және интернеттегі қауіптерден сақтану жөнінде ақпарат берді.
Комитет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов жастармен осындай ашық форматта жұмыс істеудің маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін жастарға арналған арнайы үлкен іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Бұл – Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана жастары және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ауқымды жиын. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастармен бірге ұйымдастырылып отыр.
Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеудің маңызын түсіндіру – біздің парызымыз. Әрбір жас өз әрекетінің салдарын түсініп, заң талаптарын сақтауы қажет», – деді полиция полковнигі.
Бақытжан Әмірханов қазіргі ақпараттық кеңістіктегі қауіптерге де назар аударды. Оның сөзінше, жастардың жалған ақпаратқа ермей, кез келген мәліметті саралап қабылдай білуі маңызды.
«Қазіргі таңда жастар ақпаратты әлеуметтік желілерден, түрлі интернет платформаларынан алады. Сондықтан жалған ақпаратқа сенбеу, күмәнді ұсыныстарға ермеу және ақпараттың шынайылығын тексеру қажет.
Әсіресе жастарды қылмыстық әрекеттерге тартуға бағытталған түрлі ұсыныстардан сақ болуға шақырамыз», – деді ол.
«JASTAR DAY» фестивалінде құқықтық бағытпен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы да насихатталды. Жастарға қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарда тазалық сақтау және экологиялық жауапкершілікті арттыру жөнінде ақпарат берілді.
Сонымен бірге фестиваль бағдарламасында кәсіби бағдар, еңбекке баулу, цифрландыру және жасанды интеллект тақырыптарына да көңіл бөлінді. Бұл бағыттар жастардың заманауи еңбек нарығына бейімделуіне, жаңа технологияларды меңгеруіне және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға ықпал ететін маңызды фактор ретінде қарастырылды.
Мерекелік шараның соңында жастар арасында танымал отандық өнерпаздар өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жастармен жұмыстың осындай кешенді форматы олардың тек көңіл көтеруіне емес, қоғамдағы жауапкершілігін сезінуіне, құқықтық сауатын арттыруына және өз болашағына саналы көзқарас қалыптастыруына мүмкіндік береді.
«JASTAR DAY» фестивалі осылайша жастар мерекесін мазмұнды өткізіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа заң мен тәртіпті құрметтеу, салауатты өмір салтын ұстану және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну құндылықтарын жеткізген маңызды алаң болды.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1273292?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау