Бүгін Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы аппараттық кеңес өтті. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиындағы негізгі мәселелердің бірі – 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы болды. Алдағы жылыту маусымын ұйымшылдықпен өткізу, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз ету, жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Қадырбайұлы Төлегенов баяндама жасап, жылыту маусымына дайындық аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Баяндама барысында жылу беру нысандарының дайындығы, қажетті жұмыстардың орындалу барысы, коммуналдық жүйелердің жай-күйі және жылыту кезеңін тұрақты өткізу үшін атқарылуы тиіс шаралар жөнінде мәліметтер ұсынылды.
Аудан әкімі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының қысқы кезеңге толық дайын болуы басты назарда болуы тиіс екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, кеңес барысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатқан санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарының барысы кеңінен қаралды.
Бұл бағытта елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, аулалар мен әлеуметтік нысандардың аумағын ретке келтіру, абаттандыру деңгейін көтеру және қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ауылдар мен ауылдық округтердегі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері сараланып, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалды. Сонымен бірге, санитарлық тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізілуі ғана емес, олардың сапасы мен нәтижелілігіне де басымдық беру қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі елді мекендердің тазалығы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды науқандық сипатта ғана жүргізбей, тұрақты негізде ұйымдастыруды тапсырды.
Кеңес барысында бірқатар елді мекендердегі атқарылған жұмыстарға қатысты мәселелер сараланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, жылыту кезеңіне дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтау, коммуналдық инфрақұрылым нысандарының әзірлігін қамтамасыз ету, елді мекендердегі санитарлық тазалықты тұрақты сақтау және абаттандыру жұмыстарын жандандыру міндеттері жүктелді.
Сондай-ақ атқарылған жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою және тапсырмалардың орындалуын жүйелі түрде қадағалау қажеттігі айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев әрбір бағыт бойынша атқарылатын жұмыстың формалды сипатта қалмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген тапсырманың негізгі нәтижесі нақты орындалған жұмыспен және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруымен бағалануы тиіс.
Аудан басшысы жауапты бөлімдер мен елді мекен әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімдерді сақтауды және туындауы мүмкін мәселелерді алдын ала зерделеп, тиісті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.
Аппараттық кеңесте көтерілген мәселелердің барлығы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және алдағы жылыту маусымын сапалы өткізуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1272807?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау