Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір тұрғындарымен кездесулері және жеке қабылдаулары тұрақты жалғасып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, кезекті кездесу Ордабасы ауданында жалғасып, аудан тұрғындарының талап-тілектерін тыңдады. Жеке қабылдау өткізіп, мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға көтерілген түйткілдерді шешу бойынша сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.
Кездесу барысында облыс әкімі ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңір көлемінде жаңа өндіріс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру бағытындағы ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.
— Құрметті мәжіліске қатысушылар! Бүгін қазақ елінің бірлігі мен тұтастығының символына айналған Ордабасы өлкесінің тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Алдымен өңір экономикасының дамуына тоқталсақ, 2026 жылдың жартыжылдық қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 111,6 млрд теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артқан. Аймақта өндірілген өнім көлемі 83,4 пайызға жеткен. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі бойынша өнім көлемі 88,5 пайызға артқан. Ауданға тартылған инвестициялар көлемі 26,6 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, сауда көлемі 14,5 млрд.теңгеге жетіп, өсім 2,1 есені құрады. Жалпы, аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен өнім көлемі 5,5 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 млрд теңгені құрап отыр, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары 18,6 пайызды құрайды. Ал ауданның жергілікті бюджет кірістерінің үлесі жыл сайын артып, биыл 1,5 млрд теңгеге жеткен. Ауданның білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, өткен жылы «Келешек мектебі» жобасы аясында, Ақбұлақ елді мекенінде 300 орындық 1 мектеп, облыстық бюджет есебінен Шұбарсу елді мекеніндегі 600 орындық, Төрткүл және Қызылжар ауылдарындағы 300 орындық мектептер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Елшібек батыр мен Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық мектептерді пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың соңына дейін 250 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана және бір спорт кешенін ел игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 45 елді мекенге көгілдір отын беріліп, газбен қамту деңгейі 78,9 пайызға жетті. Оған қоса, ағымдағы жылы 5 елді мекенде газ құбырларының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Нақтылай өтсек, бұған дейін тұрғындар тарапынан нақты 20 мәселе көтерілген-ді. Бүгінгі күні оның 18-і толық орындалып, қалған 2 мәселе бойынша жұмыстар мерзімінде атқарылмағаны анықталып отыр. Оның ішінде елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылды, 6 көшеге асфальт жабындысы төселді. Аудан көлемінде 13 жаңа қоғамдық көлік жаңартылды. Одан өзге, Темірлан ауылында 152 кредиттік пәтердің құрылысы толық аяқталды. Жалпы облысқа қарасты барлық аудан-қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету, өңірге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді, аталған салалар бойынша нақты жобалар мен тиісті шаралар ұдайы жалғасуы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін қоғамдық орындарда қоқыс тастау фактілері жиі орын алып отыр. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын, — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда ауданның инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім саласы, экология және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты бірқатар түйткілдер айтылды. Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі қашан да қолдау табатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1273117?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау