Петропавл қаласының орталығында суретке түсіп жүрген жергілікті тұрғынның көру көзілдірігі абайсызда қалалық субұрқаққа түсіп кеткен. Көзілдіріксіз әйелдің көру қабілеті өте нашар болғандықтан, оның жұбайы полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Осы уақытта Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция лейтенанты Жангелді Дүйсенбаев әскери қызметшілермен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарып жүрген болатын. Өтінішті қабылдаған полиция қызметкері алдымен көмекті қауіпсіз көрсету мүмкіндігіне көз жеткізді: болған жағдай туралы кезекші бөлімге баяндап, субұрқақтың жоспарлы түрде өшірілуін күтті. Осыдан кейін ол субұрқақтың тостағанына түсіп, көзілдірікті тез тауып, иесіне қайтарып берді.
– Мұндай жағдайда ең бастысы – қауіпсіз әрекет ету. Отбасыға жедел көмектесе алғаныма қуаныштымын, – деді полиция лейтенанты Жангелді Дүйсенбаев.
Бұл – қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің жас қызметкері Жангелді Дүйсенбаевтың тұрғындарға алғаш рет көмек көрсетуі емес. Шілде айының басында ол әріптестерімен бірге ішінен табылған визит картасы арқылы иесін жедел анықтап, ішінде ақша, банк карталары мен құжаттары болған жоғалған сөмкені заңды иесіне қайтарған еді.
Жангелді Дүйсенбаев ішкі істер органдарына жуырда ғана қызметке тұрды. Соған қарамастан, оның іс-әрекеттері полиция қызметінің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталғанын айқын дәлелдейді. Бұл – «Заң мен Тәртіп» қағидатының нақты көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1273049?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау