Қарағанды хайуанаттар бағындағы көк аралар жұбы алғаш рет балапандады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Қарағанды хайуанаттар бағында жануарлар төлдеп, қуанышты жаңалықтар көбейді. Мұнда сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген жануарлардың төлдері дүниеге келіп, кейбір мекендеушілер алғаш рет ұрпақ өрбітті. Солардың ішінде үш жылдан астам уақыт бірге мекендеп келе жатқан көк аралар жұбының балапан шығаруы ерекше оқиғаға айналды.

Биылғы төлдер қатарында екі амур жолбарысының күшігі – Муфаса мен Киара да бар. Қазір олардың жасы бес айдан асты. Дегенмен күшіктер әзірге анасынан ажыраған жоқ. Жолбарыс әлі де оларға қамқорлық жасап, тіршілікке қажетті дағдыларды үйретіп жүр.

Хайуанаттар бағының басқа тұрғындары да ұрпақ әкелді. Қазақ жылқылары, түйелер мен понилер екі-екіден төлдеді. Қызыл кітапқа енгізілген нахурлардан, яғни көк қойлар да төлдеді. Альпака қоздап, Қызыл кітапқа енген бұрандалы мүйізді ешкі де лақтады.

Тағы бір маңызды оқиға – сирек кездесетін маймыл түрлерінің өкілі мангобей мен екі ойынпаздың дүниеге келуі.

Бұдан бөлек, биыл хайуанаттар бағында төрт елік, екі як, жеті камерун ешкісі, оннан астам ешкі және он екі қозы туды.

Алайда ең көп күткен жаңалық – көк ара тотықұс жұбының балапан шығаруы болды. Қарағанды хайуанаттар бағының тарихында мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр.

– Біз осы керемет құстардың жұбын қалыптастыра алдық. Олар бізде үш жылдан астам уақыттан бері мекендейді, бірақ осыған дейін төл болмаған. Міне, алғаш рет хайуанаттар бағымыздың тарихында көк аралар жұбынан балапан шықты, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Қазір балапанның жасы шамамен үш ай. Мамандардың айтуынша, оның жағдайы жақсы. Ата-анасының қамқорлығымен өсіп-жетіліп, хайуанаттар бағы қызметкерлерінің жіті бақылауында.

Биыл көк араларды ұстау жағдайы да өзгертілді. Құстар кең жазғы қоршауға көшірілді. Соның арқасында олардың қозғалып, тынығуына арналған кеңістік ұлғайып, табиғи мінез-құлқын еркін көрсетуіне мүмкіндік артты. Мамандардың пікірінше, жағдайдың жақсаруы төлдің дүниеге келуіне ықпал еткен факторлардың бірі болуы мүмкін.

Хайуанаттар бағындағы басқа да қоршауларда біртіндеп өзгерістер жасалып жатыр. Мұнда жануарларды ұстау және азықтандыру жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жұп қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

– Жануарлардың төлдеуі өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінетінінің көрсеткіші. Бұл олардың қандай жағдайда ұсталып, қалай азықтандырылатынын ғана емес, биологтарымыздың жануарларға деген қарым-қатынасын да көрсетеді. Сонымен қатар жұп қалыптастыруға да жауаптымыз. Бұл оңай жұмыс емес. Мысалы, сол көк қойларға алдымен ұрғашысын сатып алдық, кейін ұзақ уақыт бойы еркегін іздедік. Жалпы, хайуанаттар бағының басшысы ретінде жануардың бізде жалғыз мекендегенін қаламаймын, – деп атап өтті Гүлнара Адамбекова.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1272571?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version